«Бұл сызбаға «ҚазақАвтоЖол» облыстық филиалдарының барлық басшылары қатысқан. Олар мемлекеттік аудиторлар үшін пара жинаған»,- депті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы өзінің 20 желтоқсандағы баспасөз хабарламасында. «АЖ» тілшісі сол күні «ҚазақАвтоЖол» РМК облыстық филиалының басшысы Сейтжан МОЛДАШЕВТЫ іздеп табуға тырысты.
Жол мекемесі бастығының қабылдауындағы хатшы оның трассаны тексеруге кеткенін айтты, дәл қай трасса екенін нақтылаудан бас тартты. Сондықтан, оның артынан бара алмадық.
21 желтоқсанда таңертең хатшы жаттанды хикаяны қайталады – кеше ол кеш келді, ал таңертең ертемен қайтадан трассаға кетті, қашан оралатыны белгісіз деді. Филиал басшысының ұялы телефоны ажыратылған. Ал кеңсе дәлізінде кездейсоқ естіген әңгімелерден осы жол мекемесі басшысының қазір Астанада екені туралы тұжырым жасауға болады.
«АЖ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаментіне С.Молдашевтің тағдыры туралы айқындап беру өтінішімен сауал жолдады.
Естеріңізге салсақ, 20 желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР республикалық бюджетінің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің екі мемлекеттік бас аудиторының ұсталғаны туралы хабарлаған еді.
Бұл лауазымды тұлғалар жоспарлы тексеру кезінде «ҚазақАвтоЖол» РМК басшылығынан аудиторлық есепте анықталған бюджеттік қаржылардың мақсатсыз жұмсалу фактілерін көрсетпеу үшін 16 миллион теңге пара алған.
«Бұл сызбаға «ҚазақАвтоЖол» облыстық филиалдарының барлық басшылары қатысқан, олар мемлекеттік аудиторлар үшін пара жинаған, - деп хабарланады баспасөз хабарламасында. – Аса ірі көлемде пара алғаны үшін ҚР Есеп комитетінің мемлекеттік бас аудиторлары Б.Копобаева мен А.Жәңгірбаева, пара бергені үшін «ҚазақАвтоЖол» РМК бас директоры С.Мұқашев, оның орынбасары Е.Шәмішев, бас есепші Ш.Қорғанова, бөлім жетекшілері Б.Елемесов, К.Әжіғұлов, сонымен қатар, «ҚазақАвтоЖол» облыстық филиалдарының басшылары ұсталды».
Сонымен қатар, пара алушылар мен пара берушілердің барлығының Астана қаласындағы ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланады. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ