Мүгедек балалардың ата-аналары «Инватакси» арнайы қызметінің өздерін қаланың шалғай жерлеріне, мысалы, Курилкиноға апарудан бас тартатындығына шағымданды.
«Фольксваген» маркасының үш арнайы көлігін 2009 жылдың аяғында «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-не ««Үш баспалдақпен күрес немесе Атырау – бөгетсіз қала» жобасының аясында «Сәби» қайырымдылық қоры сыйға тартқан еді. Көліктер арбаға таңылған мүгедектерді тасымалдауға арналған, пандустармен жарақталған, ал салонда арбадағы жолаушылардың жол сапары жайлы болу үшін бар жағдай жасалған. Бастапқыда тапсырыстарға «Инватакси» үшін 4 млн теңге мөлшерінде грант бөлген «Бота» қоғамдық қорының қолдауымен қызмет көрсетілді. Қызмет тек мүгедек балаларды ғана тасумен айналысты. Содан кейін «Инватакси» жұмыстарын қаржыландыруды қалалық бюджет өз мойнына алды. Сол кезде көлік ересек мүгедектерге де қызмет көрсете бастады.
Инватакси бағдарламасының операторы болып табылатын «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ төрағасы Күлбаршын НҰРЖІГІТОВАНЫҢ айтуынша, арнайы қызметке сұраныс өте көп. Күніне әр машина 7-8 мүгедек пен оларды алып жүретін тұлғаларға қызмет көрсетеді. Арнайы көліктің өлшемі бойынша бұл өте көп – басқа қалаларда тапсырыстар саны күніне 3-4 шақыртудан аспайды.
– Қазіргі уақытта бізде бар болғаны 2 көлік жұмыс істейді – бірі жол-көлік апатына ұшырады, қазіргі уақытта мүгедектерді тасымалдай алмайды. Олардың қызметін пайдаланғысы келетіндер өте көп. Олардың арасында балалар да, ересектер де, соның ішінде үнемі қан тазартуды қажет ететін бүйрегі ауыратын пациенттер де бар. Осы шағымға келер болсақ, бұл бірен-саран жағдай. Біздің диспетчер рейстің шалғайлығынан емес, сол күні жүргізушілердің тапсырыстары көп болғандықтан шақырту қабылдаудан бас тартты. Өйткені, бірінші кезекте біз жұмыс жасайтын және оқитын мүгедектерге қызмет көрсетуге тиіспіз. Бұл балалар «Болашақ К» оңалту орталығында ем алады. Әрине, емін үзгілері келмейді. Біз арнайы қызмет паркін көбейту туралы мәселені әлденеше рет көтердік. Алайда бұл мәселе әзірге шешілген жоқ, - дейді Күлбаршын Нұржігітова.
- Инватаксидің қандай да болмасын жұмыс ережесі бар ма?
- Иә, инватакси қызметі алдымен жұмыс жасайтын және оқитын мүгедектерге жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес ұсынылады. Басқа мүгедектерге инватакси жүгіну тәртібіне сай ұсынылады. Ол үшін мүгедектер ерікті формада өтініш, жеке бас куәлігінің көшірмесін, белгіленген формадағы медицина ұйымының қорытындысын, мүгедектігі туралы анықтаманың көшірмесін ұсынуы тиіс. Мүгедектерді тасымалдау қызметін көрсету туралы бұл ереже ҚР көлік және коммуникациялар министрінің бұйрығымен бекітілді.
Инватаксидің мұқтаж жандарға үнемі көмектесе алмайтын тағы бір себебі – жеткіліксіз қаржыландыру болып табылады. К.Нұржігітованың айтуынша, биыл бюджет қызметке 13 млн теңге бөлген. Бұл сомаға жүргізушілердің, механиктің және диспетчердің еңбекақысы, жанармай мен қосалқы бөлшектерді төлеу кіреді.
- Кішкентай балалардың ата-аналарына оларды кәдімгі көліктермен апаруларына болады ғой. Үш жасқа дейінгі балалар анасының қолында болады және оған арнайы көлік қажет емес. Ата-аналар осындай жағдайларға түсіністікпен қарап, қарапайым көлік қызметін пайдаланса болар еді деп ойлаймын, - деп есептейді К.Нұржігітова.
Зульфия ИСКАЛИЕВА