Атырау, 28 қараша 04:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Аз қамтылғандарға депутаттардың сыйлығын қабылдаған жөн бе?

2 689 просмотра

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырау қаласының аз қамтылған отбасылары 25 мың теңге мөлшерінде бір мәрте берілетін төлемақы алады.

Бұл шешім бүгін, 20 желтоқсанда қалалық мәслихаттың кезекті VIII сессиясында қабылданды. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің бастығы Нұрлы ХАБИЕВАНЫҢ айтуынша, Атырауда төлем тиесілі 2 мыңдай адам тұрады. Бұлар алуан түрлі көмек, жәрдемақы алушылар. Әлеуметтік қорғалмаған топқа әр адамның кірісі 24 мың 7 теңге күнкөріс минимумы мөлшерінен аспайтын отбасылар кіреді. Төлем алғысы келетіндер бөлімге отбасының жиынтық кірісін растайтын құжаттар ұсынуы тиіс. Төлемдер қалалық мәслихат сессиясының шешімі облыстық әділет департаментіне тіркелгеннен кейін төлене бастайды.

…Сессия аяқталғаннан кейін қалалық әкімдіктің бірінші қабатында Нұрлы Хабиеваны сәби құшақтаған бірнеше әйел күтіп тұрды. Олардың арасында бір сәбиі қолында ұйықтаған бес баланың анасы бар еді. Сөйтсе, олар кіріс деп саналатын осы сыйға берілетін 25 мың теңге төлемді алған соң отбасының жиынтық кірісі өсіп кетіп, алдағы уақытта атаулы әлеуметтік көмек немесе басқа жәрдемақы бермей қала ма деп қауіптеніп, бұл туралы түсінік алғылары келіпті. Хабиева мұның тек аз адамы бар отбасына ғана қатысы болуы мүмкін екенін, көпбалалы аналарға қауіптенудің қажеті жоқ екенін түсіндірді.

Дегенмен де, мемлекеттен нәтижесінде одан да көп соманы жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін сыйлықты алған жөн бе, әлде, бас тартып, бұрынғыша қалған жөн бе деп, таңдауға тура келеді. Адамдар санауға мәжбүр...

Зульфия ИСКАЛИЕВА
20 желтоқсан 2016, 20:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.