Бүгін, 16 желтоқсанда, Атырауда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау күні азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВТЫ қолдайтын бастамашы топ Алматыда 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде және 2011 жылы Жаңаөзенде қаза болғандарды еске алды.
Жеңіс бағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалға гүл шоғы қойылып, содан соң марқұмдарға дұға бағышталды. Шараға қатысушылар дәл осы күні көп жыл қатарынан жиналатынын, алайда бүгін толық емес құрамда қатысып отырғандарын атап өтті.
- Бүгін бізбен бірге достарымыз және пікірлестеріміз Макс пен Талғат жоқ, бүгін олар да саяси қуғын-сүргін құрбандары болып отыр, - деп есептейді қоғамдық қайраткері Әсел НҰРҒАЗИЕВА. Айта кету керек, Макс Боқаев пен Талғат Аянов қазіргі уақытта Атырау тергеу изоляторында қамауда – олар үкім жарияланғаннан кейін бірнеше күннен соң олардың адвокаттары берген апелляцияны жоғары сот инстанциясы қарағаннан кейін босатылады немесе колонияға этапталады.
Ал осының алдында Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақ бюросы баспасөз орталығына жүз шақты адам жиналып, «Халық Батыры» қоғамдық сыйлығын сырттай марапаттау салтанаты болып өтті. «Трибуна» газеті осы сыйлық туралы бастама көтеріп, бұл бастаманы көптеген шығармашылық зиялы қауым қолдаған.
- Алматыға сыйлықты табыстау рәсіміне Макстың қарындасы Жанаргүл БОҚАЕВА мен Талғаттың анасы Ұлдай АЙНАЗАРОВА келді, - деп әңгімелейді салтанатқа келген Әсел Нұрғазиева. – Бір ай бұрын тағайындалған марапатты олар құқыққорғаушы Евгений ЖОВТИСТІҢ және жазушы Қабдеш ЖҰМАДІЛОВТІҢ қолынан алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, билік бұл шараны өткізбеуге барынша тырысыпты.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор және Әсел Нұрғазиева ұсынған