Атырау, 28 қараша 04:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Геолог Мақаш Рахметов: «Балаларымыз компьютерлерде жұмыс істесе деп армандаған едім»

PR
4 037 просмотра

Image 5

«Ембімұнайгаз» АҚ орталық кеңсесінде «25 жылда 25 қадам» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға ардагер мұнайшылар, жас қызметкерлер – Жас мамандар кеңесінің мүшелері, компания басшылары қатысты. Шарада еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі және одан кейінгі жылдардағы Ембі мұнайшыларының еңбек және тұрмыстық жағдайлары талқыланды.

Қатысушылар мұнай саласы қызметкерлерінің еңбегі едәуір жеңілдегендігін айтты. Егер бұрын бәрін қолмен жасауға тура келген болса, енді бүгінгі күні көп нәрсе автоматтандырылған. Вахталық вагондар мен тұрмыстық бөлмелерді жайлы жатақханалар мен тегін тамақтандыратын асханалар алмастырды. «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері отбасы мүшелерімен бірге тегін сақтандыру қызметін пайдаланады. Мұнайшылар Қазақстандағы және таяу шетелдердегі үздік шипажайларда денсаулықтарын түзейді, ал олардың балалары сауықтыру лагерьлерінде тегін демалады.

- Бұрын қиындықтар көп болды. Үйімізден жұмысқа бортты машинамен таситын еді. Көлік ойқы-шойқы жерлермен шайқалып жететін. Өйткені, кеніштерге баратын жол жоқ еді. Металл вагондарда тұрдық. Жазда кондиционерлер болмаған соң аптап ыстық, ал қыста суық болатын. Электр плиткаларымен жылынатынбыз. Кешкісін плитканың қасына қар салынған шелек қоятын едік. Бірақ плитаның әсерінен құрғаған ауадан таңертең мұнайшылардың бәрінің беттері қызарып тұратын. Қол жуғыш, жуынатын бөлме болмады, беті-қолымызды тұратын бөлмемізде жуатынбыз. Вагон ішінде тамақты өзіміз дайындап, өзіміз жинайтын едік. Рация арқылы байланысатынбыз, электр энергиясының іркілісінен жиі байланыс болмай қалатын. Мұндай жағдайда жабдықтар бұзылып қалса, жөндеу туралы шешімді өздігімізбен қабылдауға тура келетін. Техника аз еді, ең алдымен жоғары дебитті ұңғымалар қамтамасыз етілді. Ұңғыманың тұрып қалу уақытын азайту үшін қолымызға күрек алып, қазып, ақауды өзіміз жоятынбыз. Маман киімдері жетіспеді, етікті жылына бір-ақ рет беретін. Резіңке етік алғандарға керзі етік берілмеді. Ал кеніште балшықтың тізеден жоғары екенін өздеріңіз білесіздер, - деп өз естелігімен бөлісті Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, 3-дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ ардагерлер кеңесінің төрағасы, бұрын мұнай және газ операторы болып еңбек еткен Құрмет ТӨЛЕУІШЕВ.

- Менің жастарға айтарым, қазір сіздерде мүмкіндік мол, біздің кезімізде ондай болмады. Біз бір ай ішінде орындаған жұмысты сіздер үш күнде орындай аласыздар. Біздің кезімізде қиын болатын. Шетелдіктермен жұмыс істеу жұмысты оңайлатты. Олар бүкіл геология саласын түрлі мамандық өкілдеріне бөлді, ал бізде геологтар кең профильді мамандар деп есептелетін. Болашақ ұңғымалардың сызбасын сызу үшін біз логарифмдік сызғышпен және картамен жұмыс істедік. Сіздер қазір ол үшін қуатты компьютерлерді қолданасыздар. Тұратын вагондар жетіспей, геологтарды бұрғылаушылармен бірге орналастыратын. Мен 1984 жылы Англияда іссапарда болып, ол жерден алғаш рет мұнай компаниясы қызметкерінің әрқайсысының кабинетінде дербес компьютер бар екенін көрдім. Сол кезде біздің балаларымыз да осындай техникада жұмыс істесе деп армандаған едім, сол арманым орындалды. Алға ұмтылыңдар! – деп Ботақан, Ровное кеніштерін алғаш ашқан геолог Мақаш РАХМЕТОВ жас қызметкерлерге өз тілегін білдірді

- Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз, құрметті ақсақалдар! Шынымен де сіздер ашқан мұнай кеніштерінен кейін қазіргі уақытта ірі кеніштер ашылған жоқ. «Ембімұнайгаз» компаниясы қазір барлау-бұрғылау жұмыстарына үлкен қаржы салуда. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қараша айының аяғында «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы бес жылдық ұжымдық келісімшартқа қол қойды. Компания облыс кәсіпорындарының арасында алғашқы болып мамандарды дуалды оқытуды қолға алды. Біз тәжірибе арқылы студенттерді оқыттық, олардың оқу ақысы мен жол шығындарын төледік, сынақтан өткізіп, жоғары балл алған бес түлекті жұмысқа алдық. Компания өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салмақты үлес қосуда және әлеуметтік осал топтарға жәрдем ету үшін қомақты қаржылар бөледі, - деп ардагерлерге ризашылығын білдірген «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ болашақтағы жоспарлар туралы әңгімеледі.

- Мен Атырау мұнай және газ институтының алғашқы студенттерінің қатарында «Ембімұнайгаз» АҚ қаржысына дуалды оқытудан өттім. Осы пилотты жобаға қатысу үшін біз бірнеше іріктеу кезеңінен өттік. Институттың іріктелген 15 студенті «Қайнармұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» басқармаларына бөлініп, өндірістен «ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша оқытудан өтті. Мен Исатай ауданында туып-өстім, мұнайшы болуды армандаған едім. Өндірісте оқып жатқан студенттерге компания өз қызметкерлері секілді көңіл бөлді. Бізді үш мезгіл тамақтандырып, жатақханамен қамтамасыз етті, оған қоса 65 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төледі. Бұл студент үшін көп ақша. Оқу аяқталғанда тестілерді ойдағыдай тапсырып, Мұнай және газ институтының екі студенті мен APEC Petrotechnic колледжінің екі оқушысы компанияда жұмыс істеу құқығына ие болды. Осы бақытты жандардың бірі менмін, - деп әңгімеледі «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің ұңғымаларды зерттеу операторы Дастан БАТАШЕВ.

- Компания қызметкерлерді жұмысқа дейін және кері қарай жайлы автобустармен тасымалдайды, үш мезгіл тамақтандырады. Асханалар заманауи жабдықтармен жарақталған, ауысымға шығар алдында қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден өткізеді, әр кеніште жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етеді. «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы өз қызметкерлерінің денсаулығын сақтауға көп көңіл бөледі. Қызметкерлерге шипажайларға бару үшін тегін жолдамалар беріледі, отбасы мүшелерінің барлығы тегін медициналық сақтандыру қызметін пайдалана алады. Вахталық поселкелердегі жатақханалар мұнайшылар үшін барлық қажетті нәрселермен – теледидармен, кондиционермен, жуынатын бөлмелермен, спорт залдарымен жабдықталған, - деп атап өтті «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің әлеуметтік мәселелер жөніндегі маманы Сырымбек СӘРСЕМБАЕВ.

Дастан Баташев.Әнуар Жақсыбеков.Мақаш Рахметов.Сырымбек Сәрсембаев.Құрмет Төлеуішев.

«Ембімұнайгаз» АҚ-дағы мерекелік шара басқарма аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелер ұжымдары қатысқан салтанатты жиналысқа ұласты. Үздік қызметкерлер «Ембімұнайгаз» АҚ-ның, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның және ҚР Энергетика министрлігінің алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен марапатталды.

15 желтоқсан 2016, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған