Жақын арада Атырауда сәлемдемелер супермаркеті пайда болады. Бұл - клиенттердің өз-өзіне қызмет көрсететін ауқымды аймағы болатын «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының жедел қызмет көрсететін жаңа орталығы.
- Соңғы жылдар ішінде «Қазпошта» ұсынылатын қызметтер тізімін едәуір кеңейтті. Бұл, атап айтқанда, қаржы операцияларына, теміржол және әуе билеттерін сатуға қатысты. Сонымен қатар, клиенттерде біздің бөлімшелерден ЭКСПО-ға билеттер сатып алуға мүмкіндіктер пайда болды, - дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Бауыржан ӨТЕПБАЕВ. - №9 жаңғыртылған пошта бөлімшесінде постаматтар орнатылған, енді сәлемдеме алушыларға бұл жерде кезекке тұрудың қажеті жоқ, олар өз сәлемдемелерін кез келген қолайлы уақытта ала алады. Постаматтар тәулік бойына жұмыс істейді.
Журналистерге «Қазпоштаның» орталық жедел учаскесін көрсетті. Ол жерде қазір жөндеу жұмыстары барынша қарқынды жүруде. Кең орынжай екі аймаққа бөлінген. Бірінде электронды кезек тәртібінде келушілерді қабылдайтын қаржы кеңесшілері орналасады. Айтпақшы, клиенттер онлайн-режимде кезекті алдын ала брондай алады. Алайда, банкоматтар мен төлем терминалдарынан басқа сәлемдемелер супермаркеті орналасатын өз-өзіне қызмет көрсету аймағы анағұрлым қызығушылық тудырады. Кезекке тұрудың қажеті жоқ – бұл жерге кез келген қолайлы уақытта келіп, sms-құлақтандыруда көрсетілген ұяшықтардан өз сәлемдемеңді алуға болады.
- Біздің қызметкеріміз шығар ауыздан алушының құжатын, жіберу нөмірін салыстырады. Өздеріңіз көріп отырсыздар, уақыт аз кетеді, - дейді Б.Өтепбаев.
Көпшіліктің Интернет-дүкеннен киімге тапсырыс беретіні ескеріліп, сәлемдемелер супермаркетінде алынған тауарларды киіп көруге арналған кабинкалар жарақталған.
- Үйлессе – жақсы, болмаса – бірден орап, сатушыға кері жіберуге болады, - деп нақтылайды Б.Өтепбаев. Бұл бөлімшеде өз-өзіне қызмет көрсету аймағы аптасына жеті күн тәулік бойына жұмыс істейтін болады.
Қазіргі уақытта Атырауда тағы үш пошта бөлімшесі (Абай көшесі, 21 мекен-жайындағы №7, «Ағила» СҮ жанындағы №5 және Жилгородоктағы №3) мен Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы және Жылыой аудандарындағы пошта байланысының аудандық басқармаларын жаңғырту аяқталуда. Бұлардың барлығы желтоқсанның аяғында – қаңтардың басында ашылады. 2017 жылы Махамбет, Мақат және Индер аудандарындағы пошта бөлімшелері мен облыс орталығындағы тағы бірнеше бөлімшелер жаңғыртылатын болады.
«Қазпошта» Атырау филиалының тағы бір мақтанышы – автопарктің жаңаруы. Биыл филиал үшін 40 автокөлік бөлінген – бұлар инкассаторлық машиналар, пошталық және жеңіл көліктер.
«Қазпоштаны» жаңғырту - құрамына «Қазпошта» кіретін «Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық әл-ауқат қорын түрлендіру бағдарламасының аясында өткізілуде.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор