Құлсары қаласында жер телімдерін беру 2007 жылдан бері тоқтатылған болатын. Бұған себеп – жер телімдері инфрақұрылыммен жабдықталмаған болатын. Бүгінде Жылыой ауданы бойынша жер кезегіндегілердің саны 6 мыңнан асады. Таяуда жер телімдерін 2017 жылдан бастап қайта беру туралы шешім қабылданды.
- Кезінде Болашақ ықшам ауданынан жер телімдері берілгенімен, онда ешқандай коммуникациялар жүргізілмеген болатын. Сол себептен адамдар жеке тұрғын үй тұрғызуға асыққан жоқ. Қазір коммуникация мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Сондықтан келесі жылы Болашақ және Атырау ықшамаудандарынан 3 000 жер телімін және Жаңа Қаратон ауылындағы жаңа ықшамауданнан 1 000 адамға жер телімдері берілетін болды, - деп хабарлайды Жылыой аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Айбек ЖӘЛЕЛОВ.
Биыл осы ықшамаудандарға ауыз су құбыры мен электр желісін жүргізу үшін бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Бұл жұмыстарды төрт мердігер - «РазаСтрой», «БолатД», «Лайге», «Дияр И Компани» ЖШС-тері атқарды. Жұмыстар келесі жылы жалғаспақ. Сондай-ақ, ықшамаудандарда жол салу жоспарланып отыр. Ал көгілдір отынмен қамтуды «Жылыойгаз» ЖШС өз мойнына алған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА