Атырау, 28 қараша 04:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Алғашқы миллиондарды күтудеміз

2 969 просмотра

Қашаған бойынша Өнім бөлінісі туралы келісім (ӨБК) күшіне ене басталғалы Солтүстік-Каспий Консорциумына қатысушылар республикалық бюджетке түрлі салықтар мен бонустар түрінде 1,9 млрд доллардай төледі. Бұл туралы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған журналистермен болған кездесуде ҚР энергетика вице-министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, 2017 жылы мұнай бағасының баррелі 50 доллар болғанда бюджетке 135 млн доллар түседі. Әңгіме сатылған мұнайға салынатын салық төлемдері туралы болып отыр. Естеріңізге салсақ, сатудан түскен түсім Консорциумнің Қашағанға бүкіл шығындары өтелгеннен кейін ғана түсе бастайды. Жалпы ӨБК қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін (2041 жыл) баррель бағасы 50 доллар болғанда, бюджет 25 млрд доллар, ал бағасы 100 доллар болса, 77 млрд доллар табыс табады

ҚАШАҒАННЫҢ АЛҒАШҚЫ МИЛЛИОНЫ

- Жоба мұнай бағасы төмен деңгейдегі қиын уақытта іске қосылып отыр. Екінші жағынан, Консорциум тарапына Қашағанды іске қосу кешеуілдегендіктен сындар көп айтылды. Алайда кеніштің іске қосылуы жақсы жаңалық болып отыр, - деді Мырзағалиев.

Ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап Қашаған кенішінде мұнай өндіру коммерциялық деңгейге шықты – күніне 75 мың баррель немесе тәулігіне 100-120 мың баррель шамасында. 600 мыңнан астам тонна мұнай мен 400 млн текше метр газ өндірілді.

Бүкіл Қашаған мұнайы КТК мұнай құбырының бойымен және әрі қарай Новороссийск теңіз айлағы арқылы экспортқа кетеді, ал газ ішкі нарыққа түседі.

Қазіргі кезде Қашаған тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру (ТӨИ) кезеңінде тұр. ТӨИ шеңберінде 308 млн тонна мұнай мен 211 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған.

Жыл аяғына дейін 1 млн тоннаға дейін мұнай өндіру жоспарланды, 2017 жылы газды қабатқа кері айдау есебінен мұнай өндіруді 8-9 млн тоннаға дейін көтеру жоспарланған. Жаңа жылға дейін алғашқы миллион тоннаны өндіруге келер болсақ: өткен жолы іске аспай, тұрбалар жарылды. Бұл жолы жүзеге асар ма екен?

- 2017 жыл өндірудің тұрақталуымен сипатталатын болады. Алғашқы жарты жылда тәулік сайын 120-140 мың баррель деңгейінде мұнай өндіретін боламыз. Екінші жартыжылдықта газды қабатқа айдауды жоспарлап отырмыз, тиісінше, өндіруді көбейтеміз. Біздің жорамалымыз бойынша, келер жылдың екінші жартысында мұнай өндіру тәулік сайын 180 мың баррель деңгейінде болады. Келер жылдары ТӨИ аясында жыл сайын 13-тен 16 млн тоннаға дейін мұнай және 9 млрд текше метрге дейін газ өндіруді жоспарлап отырмыз, - деді вице-министр.

NCOC консорциумына 7 негізгі серіктес кіреді: Excon Mobil, Shell, Eni, Total, ҚМГ, CNPC және Impex (Жапония). ӨБК бойынша келісімшарт аумағына Қашаған, Қаламқас теңіз, Қайран, Ақтоты және оңтүстік-батыс Қашаған секілді кеніштер кіреді.

- Жер қойнауын пайдалануға келісімшарт – бұл кост-ойл (инвесторлардың шығыстарын өтеу үшін қажетті мұнай) және профит-ойл (инвестордың кірісін қалыптастыратын және республика бюджетіне кететін мұнайдың бөлігі) деп аталатын бүкіл пайда мердігер мен ҚР арасында бөлінетін ӨБК. Алайда профит-ойлдан басқа біздің республика ӨБК-де қарастырылатын салықтардың барлық түрін алатын болады, - деп атап өтті вице-министр.

КОМПРЕССОРЛЫ АРАЛ

Жобаның дамуына келер болсақ, Мырзағалиевтың айтуынша, алдағы уақытта ЦК 01 – кері айдау орталығы жобасына көшу жоспарланған.

Осы жоба аясында компрессорлармен жарақталған қосымша арал салынатын болады. Олардың көмегімен газды жер астына кері айдау жүзеге асырылады.

- ЦК 01 құрылысы аяқталғаннан кейін біз тәулігіне 450 мың баррель деңгейіне шыға аламыз, - деді Мырзағалиев.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі: 2019-2024 жылдар. Құны - 5 млрд доллар.

Вице-министр атап өткендей, тәулігіне 450 мың баррель көлем елімізге (барреліне 50 доллар болған жағдайда) қосымша 4 млрд-тан астам доллар табуға мүмкіндік береді.

ҚАЛАМҚАС - ХАЗАР

Солтүстік-Каспий жобасының аясында сонымен қатар Қашаған кенішінің оңтүстік-батысында орналасқан Қаламқас-теңіз кенішін игеру жоспарланған.

- Қаламқас-теңіз кенішін біз Хазар кенішімен қатар игергіміз келеді. Бірлескен инфрақұрылым салынатын болады. Біздің болжамымыз бойынша, Хазар кенішінде өндірілетін газды Қаламқас кенішіндегі қабатқа айдауға болады, қазір біз осы мәселені зерттеудеміз,- деді Мырзағалиев.

Вице-министрдің айтуынша, екі кеніштен шығарылатын қорлар – 66 млн тонна мұнай мен 8 млрд текше метр газ шамасында.

«АҚ ЖАЙЫҚ» СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАПТАР

- Қашаған мұнайын ішкі нарықта өңдеу бойынша жоспарлар бар ма, әлде ол 100 пайыз шикізат түрінде сатыла ма?

- Таяу уақытта біз ішкі нарыққа жеткізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Бүкіл мұнай экспортқа кетеді. Бұл ішкі нарықтағы бағаның экспортқа қарағанда төмен болуымен байланысты.

- Сарапшылар растап отырғандай, мұнайдың қазіргі бағасы бойынша жоба шетелдік серіктестер үшін тиімді емес. Осыған байланысты ӨБК қолданыс мерзімін 40 жылдан жоғары уақытқа ұзарту немесе ӨБК-де шетелдік компанияларға -Консорциум мүшелеріне тиімді болатын басқа өзгерістер болуы мүмкін бе?

- Қашағанды ресми түрде іске қосу салтанатында елбасы біз үшін өңдеуге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін өте айқын етіп айтты. Бұл жерде мұнайгаз өндірісі меңзеліп отыр. Президент егер инвестор елге жаңа нәрсе енгізсе, онда республика келісімшартты ұзартуды талқылауға әзір болады. Бірақ әзірге мердігер бізге мұндай мәселемен шыққан жоқ.

- Атыраудағы қоғамдық тыңдауда NCOC басқарушы директоры Бруно Жарден құбырда болған апатқа кінәлілердің жоқ екенін айтты. Дегенмен де, жобаның құрлықтағы және су бөлігіндегі орын алған апатқа дейін құбыр жүргізумен кім айналысқанын білгіміз келеді. Және бұл компания жазаланды ма?

- Ол жерде алуан түрлі мердігерлер болды, олардың барлығын санамалап шығу мүмкін емес. Бірақ менің ақпаратым бойынша, NCOC өз мердігерлерімен соттаспақшы.

Басқа басылымдардың журналистері Қашаған мұнайының өзіндік құны, мұнай экспорты маршрутының өзгеруі және оны өндіруді қысқарту бойынша сұрақтар қойды. Өзіндік құнға келер болсақ, вице-министр «ҚМГ» ҰК басшысы Сауат МЫҢБАЕВТЫҢ осындай сұраққа берген жауабын алған тартты:

- Сауат Мұхаметбайұлы ҚМГ бағалаулары бойынша өндірілетін мұнайдың өзіндік құны бір баррельге 80-100 доллар деңгейде деп жауап берді. Мен бұл цифрларды растай да, теріске шығара да алмаймын. Консорциумның әр қатысушысында өз экономикасы бар, әрқайсысы жобаның өтелімділік мерзімін түрліше есептейді.

Қашаған мұнайын экспорттаудың қолданыстағы маршрутын өзгерту бойынша:

- Қытайға жеткізілетін мұнай құбырының өткізу қабілетін 20 млн тоннаға дейін жеткізіп кеңейту мәселесі зерттелуде. Тиісінше, бізде батыс кеніштерінде – Теңізде, Қашағанда, Қарашығанақта өндірілетін мұнайды әрі қарай шығыс бағытына жіберу мүмкіндігі пайда болады.

Таяуда Венада мұнай өндіруді қысқарту туралы мұнай экспорттаушы елдермен жасалған келісімдер жөнінде:

- Келер жылдың қаңтарынан бастап біз мұнай өндіру көлемін 20 мың баррельге азайтуға тиіспіз. Бастапқыда мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ) мен оған кірмейтін елдер бізге көп міндеттеме алуды талап етті. Алайда Қашаған іске қосылған соң біз бұлай ете алмаймыз. Нетто-экспорттаушы ел ретінде біз қалыс қалмаймыз. Тәулігіне 20 мың баррель – бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын. Мұнай өндіруді қысқарту Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді ірі кеніштерге қатысты емес. Біз Қызылорда, Ақтөбе және ішінара Маңғыстау облыстарындағы рентабельділігі төмен көне кеніштерден қысқартатын боламыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

«АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

Суретті түсірген автор
14 желтоқсан 2016, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.