Атырау, 2 маусым 09:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +32
$ 447.25
€ 485.18
₽ 4.96

«ІІД-9» ісі: Ұрлады, ішті, босатылды

3 640 просмотра

Атырау қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 9 полицейге қатысты процесс жалғасуда. Ол ашық режимде өтіп жатыр, алайда қорғау тарапының талабымен суретке және бейнежазбаға түсіруге тыйым салынды.

Кезекті отырыс басталар алдында қызық жағдай орын алды. Ильяс СТАМҒАЛИЕВТЫҢ («Лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланды және қызметтік жалғандық жасады» деп айыпталуда) мүддесін қорғаушы адвокат Тамара ЖҰБАНЫШЕВА абайсызда деп ойлау керек, мемлекеттік айыптаушының орнына жайғасты. Мұны көрген әріптестері әйелмен қалжыңдасып, тіпті, оны жаңа лауазымымен құттықтады. Бірақ, Жұбанышева шақпа сөздерді елемегендей, орнынан қозғалмастан, жан-жағына көз тастады. Бірнеше минуттан кейін залға прокурор Эльдар ЖИДЕБАЕВ кірді. Болып жатқан жағдайға ол абыржымады, алайда, біреудің «сізді істен шеттетті» деген сөзіне және іле-шала естілген күлкісіне қадағалаушы орган өкілі жалт бұрылып, «немене?!» деп айтып қалды.

Бұл күні де Манарбек ӨТЕУОВТЕН жауап алынды. Сотталушының көңіл күйі алдыңғы отырыстағыдай ойнақы болмады. Мұны судья Дәуренбек ДАУМОВ та байқады:

- Өтеуов, сіз дауысыңызды шығарып, микрофонға сөйлейсіз бе? Залдың шуынан дауысыңыз естілмей тұр.

Экс-полицей өзінің ескі танысы әрі жалған агенті болған Мейрамбек ТҰРСЫНОВТЫҢ қатысы бар хикаяны баяндады:

- Мен оны шақырып алып: «Идеал» супермаркетінен 20 мың теңгеден арзан болмайтын қымбат коньяк бөтелкесін ұрла дедім. Ол уайымдамас үшін «тараптардың ымыраласуы» бабы бойынша істі жабамыз деп түсіндірдім.

Мінберге келесі болып сотталушы Аслан ХАЙРУЛЛИН («Дәлелдерді бұрмалады және көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты» деп айыпталуда) шақырылды. 2015 жылдың жазында ол осы іс бойынша анықтаушы болды. «Тұрсыновтың осыншама қысқа уақыттың ішінде екі ұрлыққа (коньяк пен парктроник) қатысты ұсталып, екі жағдайда да істің тараптардың ымыраласуымен аяқталуы сізге оғаш көрінбеді ме?» деген судьяның сұрағына Хайруллин «жоқ» деп жауап берді. Сол сәтте Өтеуов әңгімеге араласып: әріптесімен екеуінің полицей академиясында бірге, бірақ параллель топта оқығанын, оның істің бұрмаланғанын білгенін растады. Өтеуовтің мүддесін қорғаушы адвокат Балжан ҚҰСПАНОВА өз қорғалушысынан: «қылмыс басшылықтың талабымен бұрмаланды ма?» деген сұрақ қойды. Өтеуов «иә» деп жауап берді.

Келесі сот отырысында куәгер ретінде 9 полицейдің ісін тергеуші, тергеу-жедел тобының басшысы Талғат ИБРАЙЫМОВ келеді деп күтіліп отыр. Адвокаттар оның қатысуын бұдан бұрын талап еткен болатын, алайда, мемлекеттік айыптаушының айтуынша, ол басқа қалада екен.

- Бұл жерде бізді ақымақ деп санай ма? – дейді адвокат Жұбанышева. –Бізде оның көп уақыттан бері орнында, өз кабинетінде отырғаны туралы мәлімет бар.

Судья оған өз сөзіне абай болуға кеңес берді, бірақ, уақытын салыстырып, сотқа өтірік айтпағанына көз жеткізу үшін прокурор Жидебаевты сотқа әуе билетінің көшірмесін ұсынуға міндеттеді.

Келесі сот отырысы 12 желтоқсанға тағайындалған.

Марат ТАКУЛИН

9 желтоқсан 2016, 21:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.