2016 жылдың 7 желтоқсанында ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Атырау облысына келген жұмыс сапары барысында «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы мен екі қызметкерін мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады.
Мұнай-газ саласы қызметкерлерімен өткізілген жиналыс барысында Елбасы Атырау мұнайшыларының ел экономикасын дамытуға қосқан салмақты үлестерін атап өтіп, «Ембімұнайгаздың» үш қызметкерін мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ «Құрмет» орденімен, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының (МГӨБ) мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы Жақсыгерей ҚҰБАШЕВ және «Доссормұнайгаз» МГӨБ-нің қабат қысымын ұстау жөніндегі шебері Қарлыға АЛТЫНАЛИЕВА 3-дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталды.
Қазақстандағы мұнай саласының қара шаңырағы - «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы қызметкерлерімізді еңбек сіңірген марапаттарымен құттықтайды! Сіздердің талмас еңбектеріңіз ең жоғарғы бағаға лайықты! Мықты денсаулық, өмірде алға қойған бүкіл мақсаттарыңыздың жүзеге асуын, отбасы бақытын және жаңа мансап биіктерінен көріне берулеріңізді тілейміз!
«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы