Фото: AFP
Пәкістанда 7 желтоқсанда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының ұшқышы апат алдында әуе диспетчеріне ұшақтың қозғалтқышында ақау барын хабарлаған деп мәлімдеді "Пәкістан халықаралық әуе желісі" (PIA) компаниясы,- деп хабарлады Азаттық.
PIA өкілі Мухаммад Азам Сайгол PK-661 рейсінің ұшқышы ұшақ қозғалтқышының дұрыс жұмыс істемей тұрғанын хабарлағаннан кейін бірден апат белгісін жібергенін айтады. Бұдан соң ұшақпен байланыс үзілген.
Читрал қаласынан Исламабадқа ұшып шыққан PK-661 рейсі Исламабадтан солтүстікке қарай 70 километр қашықтықтағы Хайбер-Пахтунхва провинциясының Хавилян қаласына жақын маңда апат болған. Екі турбиналы ATR-42 ұшағында болған 48 адамның барлығы қаза тапқан.
Ұшақ апатын тергеу жалғасып жатыр. Сайгол ұшқыш кабинасындағы ақпаратты жазып алатын ұшақтың "қара жәшігі" табылғанын да айтты. Оның сөзінше, тоғыз жыл бұрын пайдалануға берілген ұшақ соңғы рет техникалық тексеру нәтижесінде ары қарай да қолдануға жарайды деп танылған.
Пәкістан билігі ұшақ апаты орнынан табылған адам денелері кім екенін анықтау ДНК сараптамаға жіберілгенін айтады.
Дереккөз: Аzattyq.org