Неше түрлі заманауи гаджеттер дамыған заманда жастар кітап оқуды қойды. Индер ауданы Есбол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынай ҒАРИФУЛЛИНА бұл өкінішті үрдісті қайтсем өзгертемін деп шешті. Сөйтіп, ол әуелі өз оқушыларынан бастады.
6-шы сыныптың жетекшісі оқушыларынан қандай кітап оқығандарын сұраған кезде олар әлі бірде-бір көркем әдебиет оқымағандарын айтқан. Осы кезде жас ұстаз оларға бір қызық әдісті қолданып көрді.
- Мен кітапханаға шақырған күні оқушыларға судырата кітап оқып беріп, пікірін білу арқылы олардың ынтасын аша алмайтынымды білдім. Сосын балауыз шамдарын жағып, терезенің пердесін түсіре қойдым. Мектептің кітапхана іші ерекше күйге бөленді. Балалар бұл көрініске таң-тамаша қалды. Мен сол жерде өзім шығарған «Жетім бала» өлеңін оқыдым. Оқушылар да дайындықсыз келмепті, олар да білетін өлеңдерінен үзінділер айтты. Осыдан кейін-ақ олар еркін түрде пікір алмасты. «Ұялы телефон, планшетсіз қандай жақсы» деген ойларын жасырмады, - дейді жас ұстаз.
Осыдан кейін мектептің кітапханасынан оқушылар арасында көркем әдебиет сұраушылар қатары көбейген. 6-сынып қана емес, басқа сыныптың оқушылары да кітапханаға келе бастапты. Енді Алтынай Ғарифуллина поэзия мен прозалық шығармалар оқыған оқушылардың қатысуымен кітапхана кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жақсы бастама!
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор