Көрнекі сурет
Қыста, аязды күнде азық-түлік бағалары қымбаттап кете ме деп қорқамыз. Мұндай жағдайда «азық-түлік интервенциялары» деп аталатын шара - нарыққа азық-түлік партиясын жіберетін облыстың тұрақтандыру қоры құтқаруы тиіс. Биыл қандай қор жинадық? «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Абат ТАСИМОВ «АЖ»-ның жазбаша сауалына жауап берді.
- 2016 жылы жергілікті бюджеттен облыстың тұрақтандыру қорын қалыптастыруға қандай сома бөлінді?
- 2015-2016 жылдары жергілікті бюджеттен өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға ақша бөлінген жоқ.
- Биыл көкөніс, күріш, қант, сары май, жұмыртқа және т.б. азық-түліктің қаншасы алынды? Салыстыру үшін: алдыңғы жылы қанша азық-түлік сатып алынды.
- 2016-2017 жылғы маусымаралық кезеңде өңірлік тұрақтандыру қорына 2,5 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарлары алынды. Соның ішінде, картоп – 1,5 мың тонна, түйінді пияз – 400 тонна, сәбіз – 300 тонна, қызылша - 50 тонна, орамжапырақ - 250 тонна. Сонымен қатар, шаруа қожалығына жаңартуға берілген қосымша 120 тонна пияз жеткізілді. 2015 жылы өңірлік тұрақтандыру қорына 4079 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары сатып алынды: картоп - 1985 тонна, пияз - 1494 тонна, орамжапырақ - 250 тонна, сәбіз - 300 тонна, қызылша - 50 тонна және 10 тонна сары май (спред).
- Нәтижесінде тұрғындарға қанша азық-түлік сатылды, қаншасы қорда қалды және бұзылған азық-түлік ретінде қаншасы есептен шығарылды?
- Облыс нарығында 2015 жылдан бастап қазіргі кезге дейін 4765,8 тонна азық-түлік тауарлары сатылды. Тауарды 2016 жылғы жаңа өнімнен қайтару шартымен жеткізушіге 120 тонна пияз жаңартуға жіберілді. Бүгінгі күні пияздың бүкіл көрсетілген көлемі толықтай қайтарылды.
Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 928 380 дана жұмыртқа мен 2 531,7 тонна ауылшаруашылық тауарлары бар, соның ішінде, картоп -1411,7 тонна, пияз - 520 тонна, сәбіз – 300 тонна, қызылша - 50 тонна және орамжапырақ – 250 тонна.
- Қандай жеткізуші фирмалармен келісімшарт жасалды?
- Ағымдағы жылы өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін 2016-2017 жылғы маусымаралық кезеңде «Атырау» ӘКК облыстағы 5 шаруа қожалығымен – «АгроФеликс», «Кан Г.В.», «Наурыз», «Дастан» және «Агрохолдинг «Зеленое поле» ЖШС-мен жалпы сомасы 134,7 млн теңгеге 2,5 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарларын сатып алуға форвардтық келісімшарт жасады.
Қазіргі кезде тауарлардың аталмыш көлемі толықтай жеткізілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ