Соңғы кездері республикалық жарнамалық сайттарда әлдеқайда төмен бағамен ұсынылған пәтерлер сатылымы туралы хабарландырулар жиі кездеседі. Мәселен, Атырау орталығындағы үш бөлмелі пәтер үшін, яғни, Исенова, 87 мекенжайындағы үйде орналасқан пәтерге 6 800 000 теңге сұрап тұр.
Хабарландыруда: «Жаңа үй “Гранд Атырау" тұрғын үй кешенінің жанында орналасқан, кірпіштен салынған, 2014 жылы тұрғызылған, 6 қабаттың 3-ші қабаты, алаңы – 71 шаршы метр, тұрғын алаңы – 47, асүй алаңы – 12, «Карина» фирмасының асүй жабдықтарымен жабдықталған, әр бөлмеде жылжымалы шкафтар орнатылған, 3 сплит-система бар. Пластикалық терезелер, жаңартылған, бөлмелер оқшауланған, асүй бөлмесі студия секілді жасалған, жаңа сантехника, есептегіштер, ауласы тыныш». Және хабарландыру иесінің WhatsApp номері жазылған.
Менің WhatsApp арқылы пәтер бағасының тым арзан болу себебіне қатысты сұрағыма әлдебір Владимир электронды пошта арқылы тез арада бүкіл бизнесі мен жылжымайтын мүлкін сатып, өз әйелімен бірге балаларына жақын болулары үшін Чехияда тұрақты тұруға көштік деп жауап берді. Чехияда балалары тұрып жатыр-мыс. Сызбасы мынадай: Владимир өзі көрсеткен реквизиттерге Халық банкінің кез келген бөлімшелерінде іске қосылған аударымдарды тез жүзеге асыратын MoneyGram жүйесі арқылы жақсы авансты аударуды сұрайды. Және содан кейін ғана пәтерді көрсету үшін кілтімен бірге Атырауға Чехиядан келуге келіседі. Ол сондай-ақ, ақша аударған кезде ұсталатын комиссия пәтер бағасына кіреді деп еліктіреді. Ал пәтер құжаттары сонда жатыр-мыс.
Кейін мен осы WhatsApp номері еліміздің басқа өңірлеріндегі пәтерлердің сатылымы туралы хабарландыруларда жүргенін анықтадым: Өскеменде, Алматыда, Астанада, Қарағандыда, Көкшетауда, Ақтөбеде, Қызылордада, Теміртауда. Бәрінде де сатылым сызбасы бір, бағасы да бірдей: 6 800 000 теңге. Осы жерде Абай ақынның «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап» деген өлең жолдары еске түсе берді. Абай болыңыздар.
Айнұр САПАРОВА