25 қарашада Қызылордада 14-29 жас аралығындағы мүмкіндіктері шектеулі жастар арасында «Музыка нас связала» атты дәстүрлі республикалық фестиваль өтті.
Атырау облысынан «Өмір гүлі» ансамблі қатысты. Конкурстық бағдарламада үш номинация болды: вокал, хореография және аспаптық орындау. «Өмір гүлі» ансамблінде осындай концерттерге алғаш рет қатысып отырған байқаудың ең жас қатысушылары өнер көрсетті. Олардың ең кішісі Рустам Баязитовтің жасы биыл 12-ге толды.
Әншілердің арасында Индер ауданының Жарсуат ауылынан Ақбаян Бірән екінші орын алды. Ол «Елімнің жүрегі - Астана» әнін орындады. Зал оған орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Сонымен қатар, вокалды бағдарламада Бекзада Асқарова «Қазақ Елі осындай» әнін шабыттана орындап, үшінші орынды иеленді.
«Хореография» номинациясында доссорлық Айзада Ғалымжанның орындауындағы үнді биі үшін екінші орын берілді.
«Аспаптық орындау» номинациясында гитарамен «Сәби бақыты» әнін орындаған Эрнест Бақтияров бірінші орынға лайықты деп танылды. Ал фестивальдің гран-приі «YOUNG STARS» вокалдық-аспаптық ансамблінің мүшелері Ринат Сиражевқа (бас-гитара), Бекзада Аскароваға (пернелі аспап), Э.Бақтияровқа (ритм-гитара), Айзада Аскароваға (барабан) және Р.Баязитовке (барабан), вокалшылар А.Бірән мен Дәулет Есқабылға бұйырды. Олар «Арыс жағасында», «Туған жер» және «Балдәурен» әндерін орындады.
Сөйлей алмаса да ән айта білетін Ильяс Рысқалиев жұртшылықты тәнті етті. Ол «Әкелер» әнін орындап, «Жан-дүниесімен орындағаны үшін» арнайы жүлдесін иеленді.
Балаларды байқауға «Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Тыныш Дүйсешқызы Жақыпова дайындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ