21 қарашада Атырауда пайдалануға жарамсыз автокөліктерді мобильді қабылдау пункті ашылды. Енді тозығы жеткен темір тұлпар қожайындары 48-ден 150 мың теңгеге дейін табыс тауып, оларды кәдеге жарату проблемасын шеше алады.
Әзірге бірде бір көлік тапсырылмаған, алайда бұл процедура үшін қандай құжаттар әзірлеу керектігін түсіндіру өтінішімен көптеген қоңыраулар түсіпті.
– Қала тұрғындары қоңырау шалып, сұрап жатыр. Ал әзірге құжаттарын әзірлеп, көілктерін есептен шығарып, есепшоттар ашуда. Біз жеңіл машиналарды қабылдап, оларды Қарағандыға металлургия комбинатына өңдеуге жібереміз, - деп әңгімеледі Атамбаев көшесі, 7 үй мекен-жайында орналасқан «ӨКМ операторы» ЖШС Атырау филиалындағылар.
2016 жылдың 1 қаңтарына бастап өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері - ӨКМ принципі қолданысқа енгізілген. Оператор қызметі - өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің тұтынушылық қасиеті жоғалғаннан кейін түзілген қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу, залалсыздандыру және кәдеге жарату болып табылады. Ал, дәлірек айтқанда жеңіл көліктерге, үш санаттағы жүк көліктеріне, өтімділігі жоғары көлік құралдарына, сонымен қатар, көлік құралдарының компоненттеріне: шина, доңғалақ тысы, аккумуляторлар, мотор майлары, тежегіш сұйықтықтары, антифриздер мен т.б.
− Тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасы ҚР Энергетика министрлігінің тапсырмасы бойынша жасақталды. Ол экологиялық ахуалды жақсартуға, материалдарды қайталап өңдеу және қайталап пайдалану пайызын арттыруға бағытталған, - дейді «ӨКМ оператор» ЖШС баспасөз хатшысы Әсел НАЗИРОВА.
Энергетика министрлігі өңдеу үшін жыл аяғына дейін 10 мың көлікті қабылдауға әзір екенін мәлімдеді. Оның 320-сы Атырау облысының еншісінде.
Мен неліктен бағдарламаны жүзеге асыруға осыншама аз уақыт бөлінгенін сұрадым.
− Бұл пилотты жоба, біз оның қаншалықты сұранысқа ие болатындығын, қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар екенін көргіміз келеді. Бәлкім, содан кейін бағдарлама жалғасатын болар. Осы уақыт ішінде бүкіл құжаттарды жинап, көлікті тапсыруға болады, - дейді Әсел Назирова.
Өтемақы сомасы тапсырылатын машинаның жиынтығына байланысты болады. Егер көліктің шанағы (шассиі), есіктері, капоты, жүксалғыш қақпағы, қозғалтқышы, беріліс қорабы, радиаторы, дөңгелегі, аккумуляторы, сұйық отынға, сығылған газға және пайдалану сұйықтықтарына арналған бактері мен бөшкелері, пайдаланылған газ шығару жүйесінің тораптары мен детальдары бар болса, ол үшін 150 мың теңге береді. Одан аз жиынтығы – шанағы (шассиі), есіктері, қозғалтқышы болса – 48 мың теңгеге кетеді. Бұл жағдайда машинаның бұл бөліктерінің өз орындарында болуы міндетті емес, бастысы – олардың болуы және бөлшектелген түрде болса да көлік ішінде жатуы керек.
Көлікті тапсыру үшін кәдеге жаратуына байланысты тіркеу есебінен шығарылғаны туралы анықтама алу керек. Өзімен бірге қожайынның жеке бас куәлігі, көлік құжаттары, есептесу шотының бар екені туралы анықтама болуы керек. Егер ескі-құсқы көлік сіздікі болмаса, тапсырушыға берілген сенімхат пен қожайынының жеке бас куәлігі қажет. Заңды тұлғалар кәдеге жаратылуына байланысты тіркеу есебінен алынып тасталғаны туралы анықтама, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгендігі туралы анықтама, осы операцияны жүргізушіге заңды тұлғадан берілген сенімхат, сенімді өкілдің жеке бас куәлігі, қорларды шетке беруге арналған жүкқұжат, көлік құжаттары, есеп-айырысу шоты туралы анықтама ұсынуы тиіс.
Бұдан басқа, «ӨКМ операторы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның автомобиль бизнесінің «ҚазАвтоӨнеркәсіп» қауымдастығымен және Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағымен бірлесіп, жеке тұлғалар арасында «Кәдеге жаратуға тапсыр да көлік ұтып ал» деген ұтыс ойындарын өткізеді. Ұтысқа «ӨКМ операторы» жинақтау пунктіне кәдеге жаратуға көлігін тапсырып, онымен тиісті келісімшарт жасағандар қатыса алады. Осы келісімшарттың нөмірі ұтысқа қатысушының реттік нөмірі болып табылады. Бұған бүкіл республикада,ы 17 жинақтау пункті жұмылдырылатын болады. Бас жүлденің иегерін келісімшарттың кездейсоқ нөмірін іріктеу арқылы анықтайды. Ұтыс ойыны келер жылдың 4 қаңтарында ұйымдастырушының кеңсесінде өткізіледі. Қазір лотереяны тікелей эфирде өткізу мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА