Атырау, 28 қараша 04:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

АХАТ-қа тіркеу мерзімі күшейтілді

4 068 просмотра

Жаңа ереже бойынша баланың туылғаны туралы өтінішті бала дүниеге келген күннен бастап үш жұмыс күнінен қалдырмай беру керек. Бұдан бұрын ол екі ай мерзімді құрайтын. Бұл туралы құрамына азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі (АХАТ) кіретін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер хабарлады.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдан бері АХАТ бөлімі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің құрамында жұмыс істейді және 9 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Биыл «Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына өзгерістер бекітілді. Жаңа стандарт бойынша баланың туылғаны туралы өтінішті оның ата-анасы немесе басқа мүдделі тұлға ол туылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей тіркеуші органдарға тапсыруы тиіс (бұрын бұл мерзім екі айды құрайтын). Өлі сәби дүниеге келген жағдайда өтінішті ол туылған уақыттан бастап медицина мекемесінің жауапты лауазымды тұлғасы 1 жұмыс күнінен кешіктірмей береді (бұрын бұл мерзім бес тәулікті құрайтын). Егер ата-ана әлдебір себептермен белгіленген мерзімнен кешігіп қалса, оларға қосымша түсініктеме жазып, баланың денсаулығы туралы анықтаманы жалғауы тиіс. Егер баланың туылғаны туралы мемлекеттік тіркеуге ата-анасы емес, басқа тұлғалар жүгінетін болса, олардың өздерімен бірге жеке бас куәліктері мен сәбидің ата-анасының сенімхаты болуы тиіс.

Жыл басынан бері бөлім арқылы 16 880 құжат берілді, соның ішінде 8517 туу туралы куәлік, 1596 қайтыс болғаны туралы куәлік, 2651 неке туралы куәлік, 803 некенің бұзылғаны туралы куәлік, 533 әкелігін анықтау туралы куәлік, 54 бала асырап алу туралы куәлік, 181 аты-жөнін ауыстыру туралы куәлік бар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА
28 қараша 2016, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.