Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің әйелі, мәнерлеп сырғанаушы Татьяна Навка холокост тақырыбында өнер көрсеткені үшін сынға ұшырады,- деп хабарлады Азаттық.
Навка ресейлік "Первый канал" телеарнасының "Ледниковый период" шоуында 26 қараша күні кешке өнер көрсеткен. Навка мен оның мәнерлеп сырғанаушы серігі Андрей Бурковский мұз айдынына концлагері тұтқындарының сары алты жұлдызы бар жұмыс киімін киіп шыққан. Нацистер кезінде концлагердегі еврейлерге осындай жұлдызды тағып жүруді міндеттеген.
Татьяна Навка биі кезіндегі суретін Instagram-дағы парақшасында жариялап, би 1997 жылы шыққан италиялық "Өмір тамаша" деп аталатын фильмінің негізінде орындалғанын айтқан. Фильмдегі оқиғалар нацистік концлагерде өрбиді.
"Біздің балаларымыз сол бір жантүршігерлік уақытты есте сақтауы тиіс" деп жазған. Бірақ әлеуметтік желілерде бұл биді "гротеск формасында" және "жиіркенішті" деп атады.
Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде алты миллион еврей қырғынға ұшыраған.
Дереккөз: Аzattyq.org