Фидель Кастроның қарындасы, соңғы 50 жылдан астам уақыт АҚШ-та тұрып жатқан Хуанита Кастро (суретте) Кубаға ағасымен қоштасу рәсіміне бармайды деп хабарлады Miami Herald газеті. 83 жастағы әйел ағасының қазасына қынжылатынын айтқан, бірақ әлі күнге дейін «Кубаның бұрынғы жетекшісінің диктатурасына» қарсы екенін білдірген. Сонымен бірге сол үшін «жан күйзелісі мен оқшаулауға» тап болғанына қарамастан елден қуылғалы бері өз ұстанымын өзгертпегенін айтқан.
Хуанита Кастро 1961 жылдан бастап АҚШ орталық барлау басқармасымен жұмыс істеген. 1964 жылы Кубадан кеткеннен кейін Отанына қайта бармаған. Ағасының қазасынан кейін Хуанита Кастро Куба тұрғындары бірігеді деп үміттенетінін айтқан.
90 жастағы Фидель Кастро қарашаның 25-і күні Гаванада дүние салды. Кубада тоғыз күн аза тұту жарияланды. Желтоқсанның 4-і күні марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді деп хабарланған.
Дереккөз: Аzattyq.org