Атырау, 28 қараша 04:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жайықты тереңдету келесі жазда жалғасады

Сурет
2 742 просмотра

Жайықты мұз басқан соң, тереңдету жұмыстары да тоқтап қалды.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан МЫРЗАБОЛАТОВТЫҢ «АЖ»-ға хабарлағанындай, өзен аңғарында тереңдету жұмыстары 2013 жылы басталған. Жоспарланған жұмыс көлемі – Батыс Қазақстан облысының шекарасынан (Горы ауылы) бастап Атырау қаласына дейінгі Жайық учаскесі. Жұмыстар Атырау облысының аумағында Жайықтың су көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту жобасы шеңберінде жүргізілуде.

Жұмыс құны 1 млрд 598 млн теңгені құрайды, жобаның бас мердігері - «Павлодар өзен порты» АҚ. Жұмыстарға фразерлі топырақ сорғыш снарядтар қолданылады, қайраңдарда дизель-электрлі ЗРС-1 топырақ сорғыш снарядының көмегімен жер қазу әдісі, сонымен қатар, көппрофильді «Watermaster Classic IV» топырақ сорғыш снаряды пайдаланылады.

Индербор поселкесі, Топайлы ауылы, Махамбет поселкесі, Атырау қаласы, Жаңаталап және Пешной ауылдарында гидропосттардағы көпжылдық өлшемдер мәліметтеріне сәйкес, қайраңдардағы өзен тереңдігі 1 метрден аз құрайды. Қайраңдар аңғардың бойын бөгеп тұрған шоғырланған шөгінді тұнбалардан (қойтастар, малта тастар, қиыршық тастар, құм, саз) тұрады. Соның нәтижесінде су деңгейі төмен болған кезде уылдырық шашу үшін балықтың өтуі және кеме қатынасы шектелген. Жоба бойынша өзенді 3 метрге дейін жеткізіп тереңдету қарастырылған.

Биыл гидромелиораторлар өзен аңғарының Сарайшық қайраңындағы учаскесінде жұмыс жасап жатқан кезде өзенді мұз құрсады. Енді жұмыстар келесі жылы осы жерден жалғастырылады. Шығарылған топырақтың жалпы көлемі алдын ала есептеулер бойынша 1,34 млн текше метрді құрады. Қоймалжыңдарды (су мен топырақ қоспасы) тасымалдау қоймалжың жеткізгіштердің көмегімен жүргізілді. Олар әрі қарай ойпаңды және батпақтанған жерлерге қатталады.

Келешекте Жайық сағасын тереңдету жұмыстары Курилкино поселкесінің маңындағы Балықшының қайраңды учаскесінен 42 мың текше метр топырақ шығаруды жоспарлап отыр. Қала маңында - Жилгородок қайраңының учаскесіне тереңдету жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Өзен лайы баржаға тиеліп, қала сыртындағы қатталатын жерлерге түсірілетін болады.

2017 жылы өзенді тереңдету жұмыстары су тасқыны аяқталғаннан кейін маусым айында басталады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 қараша 2016, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.