Жайық өзенін алғашқы мұз құрсаған кезде, көп адам қармағын алып өзенге қарай ағылды. Осыған орай Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы су айдындарындағы әуесқойлықпен балық аулау ережесін еске салады.
– Бір балықшыға бес қармақтан артық пайдалануға рұқсат етілмейді. Бір шыққанда бес келіден аспайтын балық аулауға рұқсат етіледі. Балықшының өзімен бірге жеке бас куәлігі болуы тиіс, - дейді Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Ақжан ЗҰЛҚАРОВА.
Қысқы кезде Атырау аумағындағы балық қыстайтын шұңқырлардан балық аулауға тыйым салынады. Бұлар Буровиков (Ақжар поселкесіне қарсы), Теңдік (Теңдік поселкесіне қарсы), Водозаборная (қалалық «Атырау Су Арнасы» су тоғанына қарсы), ОСВОД (суда құтқару қоғамы кеңсесіне қарсы) және Қалалық (АМӨЗ су тоғанына қарсы). Сонымен қатар, көпір түбінен және қараңғы уақытта балық аулауға тыйым салынады.
Тамара СУХОМЛИНОВА