Көрнекі сурет
2017 жылы «Ембімұнайгаз» Атырау облысының алауларында мұнай газын өртеуді тоқтатады.
Бұл туралы «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ Жылыой ауданындағы газды кешенді дайындау қондырғысының (ГКДҚ) құрылыс алаңына келген кезде хабарлады.
- Ағымдағы жылдың аяғында ГКДҚ құрылысы аяқталады. Қысқы маусымға байланысты іске қосу-реттеу жұмыстары 2017 жылдың көктеміне дейін кейінге қалдырылды. ГКДҚ пайдалануға берілгеннен кейін ЕМГ алауларда ілеспе мұнай газын өртеуді толықтай тоқтататын болады, - деді Есқазиев.
Газды кешенді дайындау қондырғысы – бұл жоба қуаттылығы жылына 150 млн текше метр болатын Прорва кеніші тобының ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған кәсіпорынның ірі инвестициялық жобасы. Зауыт жыл сайын тауар газын, тұрақты газ конденсатын және түйіршіктелген күкіртті өндіреді деп күтілуде. Тауар газын «Толқын» ГКДҚ-ГЖП (газ жинау пункті) кеніштік газ құбыры арқылы тасымалдау жоспарланып отыр, тұрақты газ конденсаты өз мұқтаждықтары үшін пайдаланылып, ал түйіршіктелген күкірт – ішкі және сыртқы нарыққа сатылатын болады. Оны өндіру үшін Қазақстанда алғаш рет қышқыл газдарды күкірттен тазартуға арналған MERICHEM фирмасының патенттелген LO-CAT технологиясы қолданылмақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА