Индер ауданы Құрылыс ауылында салынып жатқан 100 орындық мектептің құрылысы үш жылға созылып кетті.
Және мектеп құрылысының әзір бітетін түрі жоқ секілді (суретте). Терезелер салынбаған, сыртқы қаптама жұмыстары әлі жүргізілмеген. Қазір жұмысшылар жылыту жүйесін қондырумен айналысуда. Кезекте ғимараттың ішін әрлеу, кафельдер төсеу және басқа да көптеген ұсақ жұмыстары күтіп тұр.
- Мектеп «КТК-К» АҚ-нің демеушілік қаржысына салынуда. Бас мердігер «Жер-Ана» ЖШС келісімшарт бойынша мектеп құрылысын 2015 жылы аяқтауы тиіс болатын. Бірақ, қорытындыда құрылыс-монтаж жұмыстарында сапасыз бетон, техникалардың жетіспеушілігі секілді кемшіліктердің бар екені көрсетілген. Дәл осы себептерге байланысты құрылыс созылып кетіп отыр. Бүгінде мектеп құрылысын жүргізу жұмысы қосалқы мердігер «БЕКиКо» ЖШС-іне беріліп отыр, - дейді Құрылыс орта мектебінің директоры Роза РЫСБАЕВА. - Атқарылар жұмыс ауқымы көп. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы 2012 жылы жасалған. Оны дайындауға демеуші 250 млн теңге бөлген болатын. Бірақ, бұл ақшаның девальвациясынан соң жетпейтін болды. Сондықтан, қайталама сараптама жасалып, қайтадан құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Және сол құжаттамаға сәйкес, мектеп құрылысына бюджеттен қосымша 100 млн теңге бөлінуі тиіс.
Ал «БЕКиКО» ЖШС-нің директоры Ризабек ДАЙЫНОВ бүгінде барлық құрылыс жұмыстарын өз қаражаттарына жүргізіп жатқанын айтады:
- Қайталама сараптама жасалып болды, енді құрылыс жұмыстарына бюджеттен ақша бөлінгенін күтіп отырмыз. Ақша түскен соң құрылысты тезірек аяқтау үшін жұмыс күшін көбейтпекпіз. Қазір терезе, есіктерге, трансформаторға тапсырыс беріп қойдық. Жылыту жүйесін қондыру жұмыстары әлі жалғасуда, Ал ғимараттың ішкі жұмыстарын аяқтаған соң ғимараттың ішін әрлеу жұмыстарына көшеміз. Мектептің айналасын көктем келген соң абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Мектеп келесі оқу жылына қарай тапсырылмақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА