Атырау, 28 қараша 06:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Су мұнай бағасынан қымбат болғанда...

2 007 просмотра

Индербор поселкесіндегі Бейбарыс көшесінің №2,3,5,6,7 үйлерінің оннан астам тұрғыны су мен канализация тарифтері бағаларының қымбаттап кетуіне қарсы наразылық білдіріп, көшеге шықты.

Индерборлықтар ауыз судың бір текше метрі үшін 235 теңгеден төлеп отыр.

- Неге тариф туралы жұртшылық тыңдалымы кезінде жарияланбады? Тарифті қымбаттатуды біледі, дұрыстап қызмет көрсетуді білмейді, – дейді тұрғындар. – Біздің үйлеріміздегі канализация құбырлары баяғыда істен шыққан. Кәріз суы жертөлелерге кетіп жатқанына көп болды. Мұның бәрі үйдің жағдайына әсер етеді, балкондар құлайын деп тұр. Бірнеше жыл бұрын бір пәтердің балконы құлап қалды. Ал әкімдікте: «Үйлер жекеменшік, жөндеу жұмыстары тұрғындардың есебінен жүргізіледі» деп жауап жазады. Бірақ, бізде ондай ақша қайдан болсын?

Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН тариф мәселесіне қатысты былай деп түсіндіріп өтті:

- Бағаны реттеу департаменті біз сұраған тарифтің 30 пайызын ғана бекітті. Суды тұтынушылар үш айдан бері өскен бағамен төлеуде. Тарифтің жоғары екені рас, біз 2016 жылдың субсидиясын қорғап шықтық, қаржы түскен соң кері есептеу жүреді. Қазір біз 2017 жылдың субсидиясына құжаттар дайындап жатырмыз. Бәрі түсінікті болуы үшін түсіндірейін, есептегіші барлар ауыз судың бір текше метрі үшін 30 теңге төлейтін болады, ал 205 теңгесі субсидиямен жабылады. Есептегіші жоқтар 40 теңге төлейді, қалғаны сол субсидияның есебінен жабылады. Ал канализация үшін толық төлем төлеуге тура келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.