Атырау, 7 мамыр 03:51
 ашықВ Атырау +20
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

​Екі ауданда мал ұрлығы жиілеген

3 859 просмотра

Көрнекі сурет

Махамбет және Индер аудандарында жайылымда жүрген малдарды ұрлау оқиғалары жиілеген.

Махамбет ауданында Таңдай және Алға ауылдары тұрғындарының екі жылқысын далада жүрген жерінен қолды еткен.

- Жылқы жетекке көнетін мал емес, қалай болғанда да ұрылар оларды атып алып, сол жерден сойып алған болуы керек. Бүгінде аталмыш фактіге байланысты қылмыстық іс көтеріліп, тергеу-тексеру жұмыстары жүруде, - дейді Махамбет ауданы прокурорының орынбасары Жасталап УРАКОВ.

Индер ауданында 20 қазан күні өрістегі үш сиыр жоғалып кеткен. Ертесіне мал иелері олардың өлген қалдығын Құрылыс ауылынан бес шақырым жердегі «Қурайлы» учаскесінің маңынан тауып алған.

- Сиырларды алдымен атып, сосын асықпай сойып алған. Біз бас, сирақ, терісінен өзіміздің малымыз екенін таныдық. Менің сиырым буаз болатын, мал сойылған жерде өлі бұзау жатты. Өткен жылы күзде екі сиырымды ұрлап кеткен болатын. Ауылда бәрі малмен күнелтіп отыр, біздің отбасымызға да малсыз қиын, - дейді Сүлеймен ШАУКИРОВ.

Ал 4 қараша күні әккі ұрылар тағы да сол «Қурайлыдан» екі шақырым жердегі зират ішіне әкеліп, Құрылыс ауылы тұрғынының екі сиырын сойып алып кеткен.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гулназира МҰХТАРОВАНЫҢ хабарлауынша, мал ұрлығы фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-тармағымен («Ұрлық») қылмыстық іс көтеріліп, тергеп-тексеру амалдары жүруде.

- Оқиға болған жерде қалған мал қалдықтары сараптамаға жіберілді. Ұрыларды іздестіру шаралары жүріп жатыр, - дейді Г.Мұхтарова.

Ауыл адамдары ұрылардың табылатынына күдікпен қарайды.

Ал Құрылыс ауылына қарайтын Жарсуат округінің бас маманы Талғат ТАСҚАРИН мал ұрлығы ауылда мал бағатын бақташының болмауынан орын алып отыр деген пікірде. Бірақ, 2013 жылы Индер ауданы Елтай ауылының тұрғыны Тасқали ТЕМІРБОЛАТОВ бақташыға қосып қойған төрт ауыл тұрғынының 20 ірі қарасы жоғалып кетіп, мал да, мал ұрлаған ұрылар да әлі күнге дейін табылмай отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 қараша 2016, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.