Атырау, 28 қараша 06:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Пара берсең, пәлеге қалдың

3 507 просмотра

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Заңғар ЗАҢҚАНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде аумақтық бөлімшелер қызметкерлеріне өздерінің бақуатты өмір салттарын айғақтайтын суреттерді әлеуметтік желілерде жариялауға тыйым салынғандығын айтты.

Қызметкерлерге қымбат тұратын автокөлік құралдарын, киім-кешек, сағаттар, зергерлік бұйымдар мен басқа бұйымдарды қолдануға тыйым салынды. Ғаламторда құны қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүліктердің,қызметкерге немесе оның отбасы мүшелеріне тиесілі автокөлік құралдарының суретін, сондай-ақ, демалыс орындары мен ойын-сауық мекемелерінде түскен фотосуреттерін жариялауға тыйым салынды, - дейді Заңғар Заңқанов. – Және олар жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды қатаң сақтауға тиісті.

Оның айтуынша, жақында тәртіптік кеңесте департаменттің екі қызметкері жазаланды. Олардың бірі құқыққорғау органы қызметкерінің алдында қызметтік куәлігін ұсынып, сес көрсеткен, енді бірі еңбек демалысында жүріп, басқа бір адамдарға дөрекілік танытқан. Бүгінгі күні тағы да үш факт бойынша тергеу жүргізілуде. МКД ІҚБ тергеу жүргізіп отырған негізгі қылмыстық құқықбұзушылықтар өкілеттілікті асыра пайдаланумен байланысты. Сондай-ақ экономикалық контрабанда, пара алу, пара беру және қызметтік жалғандық фактілері бар. Атырау облысы бойынша кедендік бақылау басқармасының құжаттарды жедел ресімдеу үшін бірнеше рет пара алған төрт қызметкерінің ұсталуынан басқа кеденшілер тарапынан парақорлық фактілері бойынша тағы да жеті материал тіркелді. Осыған қатысты қылмыстық істі Атырау облысы мамандандырылған прокуратурасы тергеуде. Пара көлемі 100 мыңнан 200 мың теңге аралығында. Жыл басынан бері ішкі қауіпсіздік басқармасы 17 қызметтік тергеу жүргізді. Соның нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке МКД-нің 14 лауазымды тұлғалары тартылды.

- Мемлекеттік кірістер комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы өкілетті органдармен бірлесе кәсіпкерлер тарапынан пара беру фактілерін анықтау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізді. Былайша айтқанда біз кім пара береді соларды көз қырына алдық. Жыл басынан бері Қазақстанда мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына пара берген 25 факті құрықталды, 14 пара беруші сотталды. Қазақстанда соңғы екі жылда пара берушілер жалпы сомасы 77 млн теңге пара ұсына отырып, біздің қызметкерлерді сатып алуға тырысты, - дейді Заңқанов.

Мемлекеттік кіріс комитетінің басшылығы өз қызметкерлерінің жемқорлыққа қарсы әрекеттерін ынталандырып отырады: мерзімінен бұрын шен береді, үздік қызметі үшін ведомствалық медаль тапсырады. Мына бір қызықты жайтқа қараңыз: парадан бас тартқан төрт қызметкердің ата-анасының атына комитет басшылығының атына алғыс хат жолданған.

Журналистер бұл науқанның Атырау облысында қандай нәтижеге қол жеткізіп жатқандығын сұрады. Сөйтсек, бізде МКД қызметкеріне пара беру бойынша бір ғана факті тіркелген. Бұның өзі аудандық бөлімшелердің бірінде 5 мың теңге көлемінде болған. Не атыраулықтарға лауазымды тұлғаларға пара беру туралы ой келмейді, не қызметкерлер ризашылығын білдіргендерді ыңғайсыздыққа қалдырмау үшін тігісін білдірмейді. Өйткені, пара беру бойынша қылмыстық жауапкершілік бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор
23 қараша 2016, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.