Үстіміздегі жылдың мамыр айында болған қатты нөсер жауыннан Атырау қаласының тұрғыны Гүлбағыт ҚЫЗЫЛТАШТЫҢ тозығы жеткен үйі зардап шегіп, тұруға жарамсыз болып қалды. Төрт баланың анасында баспанасын өз күшімен жөндеп алуға мүмкіндік болмады. Еңсесі түсіп, үміті үзілген кезде күтпеген жерден көмек келді. Сол көмектің арқасында проблема шешіліп, жақында бұл отбасы жаңа үйде қоныс тойын тойлаған еді!
Г.Қызылташ отбасы тұрып жатқан ескі үй биыл алдымен еріген қарға, содан соң жаңбыр суына шыдас бере алмады. Тек аула ғана емес, үйдің ішін де су басты. Су еден астынан шығып, кетпей қойды.
- Біз вакуум машиналарын шақырдық, алайда қалада зардап шегушілердің көп болғандығы сондай, бізді арнайы техника келу үшін кезекке жазып қойды. Техниканы ұзақ уақыт күтуге тура келді. Ал суды сорып шығарғанымыз бар болсын, су қайтадан көрші үйлердің аулаларынан құйыла бастады, - деп әңгімелейді Гүлбағыт. – Материалдық қиындықтарға байланысты суды өз күшімізбен сорып шығаруға мүмкіндігіміз болмады. Мен сол кезде жүкті едім, күйеуім көлік-жол апатынан ауыр зақым алып, ем алып жатқан. Үш балам бар, екеуінің денсаулығында кінәрәт болды. Үйіміз суға кетті, біз ештеңе жасай алмадық!
Судың тегеурініне шыдамаған ескі үй шөге бастады. Қауіпсіздік мақсатында арнайы мамандар келіп баспананы газдан ажыратып тастады.
- Бұл өмір сүру үшін адам төзгісіз жағдай болатын. Кететін де жеріміз болмады. Еске алудың өзі қорқынышты, - дейді Гүлбағыт. - Әсіресе, перзентханадан дүниеге жаңа келген қызыммен үйге оралу қорқынышты болатын. Қызым жүрек ақауымен және тағы бір патологиямен дүниеге келді. Сәбиге жақсы жағдай, күтім керек. Ал біздің үйіміз ылғал, газы жоқ, жалпы үйіміз кез-келген уақытта опырылып құлауы мүмкін еді. Сол кездегі қиындықтар мен адам төзгісіз жағдайларды тек сақталып қалған фотосуреттер ғана еске түсіреді.
Биылғы жылдың 17 мамырында әбден торыққан Қызылташ жаңа туған сәбиімен бірге Атырау облысы басшылығының тұрғындармен кездесуі өтіп жатқан облыстық әкімдікке келеді. Ол жерде әйел өзінің шарасыздығы туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА баяндап, үй салып беруді немесе тұрғын үй кезегінің шеңберінде пәтер бөлуді өтінеді.
Бұл өтінішке бей-жай қарамаған «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ көмек қолын созды.
- Бұл титтей сәбиін құшақтаған әйелдің көмек сұраған жанайқайы боп естілді. Залда отырғандардың ешқайсысы бей-жай қалмады деп ойлаймын. Облыс әкімі маған қарап: «Көмектесе аласыздар ма?» деп сұрады. Көмектесу керек болды, ол жерде төрт бала өмір сүріп жатыр ғой! Адамдарды, әсіресе ол жерде балалар болса, қиын жағдайда тастап кетуге болмайды.
Отбасының ауыр жағдайы туралы «Ембімұнайгаз» компаниясының қызметкерлері хабардар болды. Көпбалалы отбасына көмектесу үшін бәрі бірауыздан бір күндік жалақыларын аударуды ұйғарды. Жиналған қаражат өз әріптестеріне – үйлері нөсер жауыннан зардап шеккен «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасының үш қызметкеріне де көмек көрсетуге жетіп қалды.
Компанияның жауапты мамандарынан комиссия құрылып, комиссия мүшелері Г. Қызылташтың үйін тексеріп, баспана апатты жағдайда, тұруға жарамсыз деген қорытынды жасады. Сондықтан оны күреп тастап, оның орнына жаңасын салу керек деп ұйғарылды. Құрылыс жұмыстары кезінде бүкіл отбасы жалға алынған пәтерге көшірілді. Жалға алынған пәтердің қаражатын да мұнайшылар көтерді.
Жаңа үйді салуды «МонолитИнвест Компани» ЖШС қолға алды. Бұл серіктестік - «Ембімұнайгаз» АҚ-мен көп жылдардан бері әріптестік байланыста келе жатқан мердігер мекеменің бірі. Құрылыс жұмысы уақытында және сапалы аяқталды.
- Біз ескі үйді, учаскедегі тозығы жеткен шағын құрылыстарды толықтай күреп тастадық. Іргетасын төзімді әрі биік етіп көтердік, үйді заманауи және сенімді материалдан – көбік блогынан салдық, - деп ой бөлісті «МонолитИнвестКомпани» ЖШС директоры Бибінұр ЖҮСІПОВА. - Үйді салуға 3 ай уақыт кетті. Үйде жаңа жылыту қазандығы, су жылытқыш орнатылған, бүкіл коммуникациялар жүргізілген. Үйдің кең холлы, асүйі, жарық қонақ бөлмесі, балалар бөлмесі, санитарлық торабы бар.
- Біз мұндай үйді армандай да алмаған едік, - деп мойындайды Гүлбағыт. – Ескі үйімізде мұндай қолайлы жағдайлар жоқ еді. Жалға алынған, жақсы жағдайы бар пәтерде тұрған кезімізде эпилепсиямен ауыратын ұлымның денсаулығынан дәрігерлер жақсы беталысты байқады – ауруының ұстамасы азайды. Кішкентайымыздың да денсаулығы жақсарып қалғаны байқалады. Мұның бәрі жайлы жағдайдың арқасында деп ойлаймын. Ескі үйде бұл туралы қиялдай да алмайтынбыз. Бәрі ауыра беретін, мүлдем қажып кеткен едік. Енді жаңа үйде бәрі басқаша болады, балалар тез сауығып кетеді деп ойлаймын. Көрсеткен көмектеріңіз үшін отбасымыз өте риза. Бұл біз үшін теңдесі жоқ тарту болды!
Отбасын жаңа қоныс тойымен құттықтауға Құрманғазы Орынғазыұлы да келді. Бүкіл «Ембімұнайгаз» ұжымының атынан ол отбасына тыныштық пен амандық тілеп, теледидар сыйлады.
Айта кету керек, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның еңбек ұжымы мұнайлы өңірде қайырымдылық шараларынан тыс қалмайтын, үнемі көмекке дайын екенін сан мәрте дәлелдеген. 2015 жылы да компания қызметкерлері осындай нөсер жауыннан зардап шеккен Атырау қаласының тұрғындарына көмек үшін бір күндік жалақыларын бөлген болатын. Ембілік мұнайшылар сол жылы да отбасыларында мүмкіндіктері шектеулі балалары бар қала тұрғындары тұратын төрт үйге күрделі жөндеу жүргізіп, жалғызбасты зейнеткерге ескі баспанасының орнына жаңа үй салып берген болатын.