Сенбіден жексенбіге қараған түні су қоймаларының көпшілігі мұз қабатын жамылды. Мұз астынан әуесқойлықпен балық аулаушылар өзенге асықты. Ал құтқарушылар мұзға шығу қауіпті екендігін ескертеді.
Бүгін, 21 қарашада Атырау облысының су қоймаларында мұз қабаты былайша көрініс табады. Индер ауданы шеңберіндегі Жайық өзенінде жағалаудан 10 метр жерде қалыңдығы 7 см мұз түзілген. Өзен ортасында әлі мұз жоқ. Махамбет ауданының аумағында бүкіл өзен бетін мұз құрсады. Өзен ортасында мұз қалыңдығы 7 см, шеттерінде - 9 см. Адамдар жағалаудан жағалауға еркін өтіп жүр. Құлсары қаласының Қамыскөл көлінің ортасында мұз қалыңдығы 7 см, жағалауларында 10 см құрайды. Құрманғазы ауданында Шарон өзенінің жиектерінде үш сантиметр жұқа мұз түзілген, өзен ортасында әлі мұз жоқ. Жылдам ағысымен ерекшеленетін Қиғаш өзенінде мұз жоқ. Атырау қаласының шеңберіндегі Жайық өзенінің жиектерінде мұз қалыңдығы 12 см, өзен ортасында 10 см-ге дейін құрайды.
– Мұз құрылымы жақсы түзілген, тығыз және біртекті. Қалыңдығы 7 сантиметр мұз бір адамның, 15 см мұз екі адамның салмағына шыдамды болып келеді. Бірақ су қоймаларындағы мұздың біркелкі түзілмейтінін ұмытпаған жөн. Өзен ағысы жылдам жерлерде мұзойықтар немесе анағұрлым жұқа мұз болуы мүмкін, - дейді БӨАЖҚЖ ММ сүңгуір-құтқару бөлімінің басшысы Самат ҚҰМАШЕВ. – Егер алдағы уақытта да аяз сақталса, мұз қалыңдай бермек. Әзірге мұзға шығу қауіпті. Әсіресе, көпір маңындағы мұз бетімен жүрген қауіпті.