Атырау облысындағы 164 ауылдық елді мекендердің 130-ы газдандырылған. Енді шекаралық Азғыр аймағын газдандыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асан НҰРҒАЛИЕВ хабарлады.
Өткен жылы Құрманғазы ауданында 13 елді мекенді, сонымен қатар Мақат ауданының ауылдарын газдендіру аяқталды. Биыл ұзындығы 110 км және жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын жоғары қысымды магистралды газ құбырының құрылысы аяқталады.
- Бізде жүзеге асырылуы керек жобалар көп. Солардың бірі – Азғыр аймағын газдандыру. Ұзындығы 365 км болатын газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзір, оның құны – 9 млрд теңге. Сонымен қатар, 10 поселкенің поселкеішілік газ құбырларының құжаттары әзірленді. Олардың ішінде Азғыр, Балқұдық, Сүйіндік, Қошалақ, Асан, Үштаған ауылдары бар. Жобаны келесі жылы жүзеге асыруды бастау жоспарланып отыр, - деді Нұрғалиев.
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға келер болсақ: «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 16 нысанды жүзеге асыруға 1,6 млрд теңге бөлінді. 11 нысанды биылғы жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде жазғы уақытта судың тапшылығы өзекті проблема болып табылады. Өйткені, тұрғындар оны бау-бақша суару үшін пайдаланады. Осы проблема ескеріліп, өткен жылы Махамбет ауданында жазғы уақытта 4 су бұру нысаны пайдалануға берілді. Тағы осындай 4 нысан салынуда, ал 5-уіне жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Индер ауданында жазғы су құбыры жүйесінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Атыраудағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде көппәтерлі 75 тұрғын үйге жөндеу жүргізілді. 1 қазандағы ахуал бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспанаға Атырау облысында 21 180 адам тіркелген. Биыл мемлекеттік тұрғын үй қорынан 561 адам баспана алды. Облыс бойынша тозығы жеткен және апатты 77 үй есепке алынды, олардың жалпы алаңы - 57 263 шаршы метр (барлығы 2016 пәтер).
А.Нұрғалиевтың айтуынша, әзірге жылыту маусымы тұрақты және бірқалыпты өтуде. 29,3 км жылу жүйесін, 734,2 км электр желісін, 2 км сумен қамту және кәріз жүйелерін жоспарлы жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Жылыту маусымына 390 білім беру нысаны, 164 денсаулық сақтау нысаны, 281 әлеуметтік нысан, 1514 тұрғын үй дайын болды.
Биыл қар қараша айынан бастап жауды. Егер қыста жауын-шашын мол түссе, облыс орталығының тұрғындарына тағы да су басу қаупі төнуі мүмкін. Мен А.Нұрғалиевтан Атыраудың дренаж жүйесінің техникалық-экономикалық негіздемесін жасау қашан жоспарланып отырғанын сұрадым. Оның айтуынша, бұл мәселе әлі шешілмеген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор