Бүгін, 16 қарашада, Атырау ҚІІБ 9 қызметкерінің ісі бойынша негізгі фигурант – кісі өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан бұрынғы полицей Манарбек ӨТЕУОВТЕН жауап алынды. Заң бұзып, содан соң ізін суытпай осы қылмыстарды «ашуға» оны тікелей басшысы Марат ТАҒАНИЯЗОВТЫҢ мәжбүрлегенін мәлімдеді.
Естеріңізге салсақ, Тағаниязов қазір де қаланың криминогендік ахуалы үшін жауап беретін Атырау қалалық ІІБ бастығының орынбасары лауазымын атқаруда.
Өз жауабында Өтеуов басшылықтың қылмыс ашу көрсеткіштерін арттыруды талап еткен, ал ол үшін, тіпті, ол қылмыстарды өздері жасауды ұсынған жиналыстан кейін ұсақ қылмыстарды ұйымдастырғанын растайды. Ол пробациялық бақылаудағы ҚАРАБАЛИННІҢ қатысуымен ұрлық ұйымдастырған жағдайды мысалға келтірді. Куәгер ретінде шақырылған Қарабалин сотта 2015 жылдың көктемінде Өтеуовтің оны зардап шегуші ретінде шағымдануға мәжбүрлегенін растады. Ол өзінің парктронигінің (көлікті қауіпсіз қоюға арналған аспап) ұрланғаны туралы жалған шағым жазу үшін полицей учаскесіне келген кезде «күдікті» ТҰРСЫНОВ отыр екен. Қарабалиннің айтуынша, «құқықбұзушылық» барлық ереже бойынша тіркелген, ал анықтаушы хаттама толтырған.
Өз әрекеттерінің себебі туралы адвокаттардың бірінің сұрағына жауап ретінде Қарабалин бас бостандығынан айырылудан қорыққанын айтты. Өтеуов өз кезегінде оған қоқан-лоққы жасағанын жоққа шығарды, бірақ Қарабалинді материалдық та, басқаша тұрғыда да көтермелеп, сый жасамағанын айтты.
Адвокаттар Өтеуовтің өзінен «заңды бұзып әрекет еткенде, әлдебір пайда көрдің бе: материалдық сыйақы, мансап баспалдағымен жоғарылау немесе лауазымды орынға отыруға уәде алдың ба?»- деп сұрады.
– Жоқ,- деп жауап берді Өтеуов.
– Ал сіздің басшылығыңыз?
– Басшылыққа бұл тиімді еді – ол үнемі қылмысты ашу көрсеткішінің жоғарылағаны туралы есеп беретін, - деді Өтеуов.
Қарабалин секілді іс бойынша куәгер болып келетін Тұрсынов отырысқа келмеді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА