15 қараша күні атап өтілетін Ұлттық валюта күні қарсаңында өңірлік коммуникациялар қызметінде «ҚР Ұлттық банкі» ММ Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.
Дәстүрлі түрде бұл күні еліміздің бүкіл қаржыгерлері өз мерекелерін атап өтеді. Атырау облысында екінші деңгейлі банктердің 23 филиалы жұмыс істейді. Жалпы банк пен қаржы саласында бізде үш мыңнан астам адам еңбек етеді.
Өткен жылғы теңге девальвациясына және жалпы дағдарысқа байланысты биылғы жылдың көрсеткіштері бұрынғыдан едәуір төмен. Жергілікті валюта нарығында белсенділіктің төмендегені байқалады. 2016 жылдың тоғыз айы ішінде айырбас қосындары тұрғындардан 108,4 млн АҚШ долларын (2015 жылдың қаңтар-қыркүйегіне қарағанда 25,3 пайызға аз), 3 млн еуро (33,3 пайызға төмен), 1085,4 млн рубль (37,6 пайызға төмен) сатып алды. Өз кезегінде айырбастаушылар тұрғындарға 224,6 млн доллар (61,1 пайызға аз), 8,7 млн еуро (31,5 пайызға аз) және 5 375, 1 млн Ресей рублін (29,3 пайызға аз) сатты.
– Қазір ұлттық валютада жеке тұлғалардың шұғыл депозиттері бойынша өтемақының екінші траншын төлеу жүргізілуде. Өткен жылдың қыркүйек-желтоқсанында 1 млн теңгеге дейін салымдары болған салымшылармен келісімшарттар жасалды, - дейді Қ.Құлбарақов. - Өтемақыларды есептеу арнайы формула бойынша жүргізіледі, алайда болжамды есептеулер бойынша өз шотында 1 млн теңгесі бар салымшыларға және ол шотынан бұл ақшаны түсірмеген болса, 750 мың теңгеден астам өтемақы тиесілі. 10 қарашаға дейін бүкіл төлемдер жүргізілді.
Түрлі себептер бойынша несиелердің мерзімі кешіктірілген берешектер көлемі 56,6 пайызға көбейді және бүгінгі күні 26,9 млрд теңгені құрайды. Жалпы банктерде берілген несиелер сомасы 10 пайыздан төмендеген. Заңды тұлғалар өткен жылға қарағанда 16 пайызға аз несие алды, ал тұрғындар несие алуды 3,5 пайызға азайтты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА