Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот прокурорлары АҚШ-тың Ауғанстанда түрмеге түскен тұтқындарды азаптап, "әскери қылмыс" жасағанына жеткілікті айғақ барын мәлімдеді,- деп хабарлады Азаттық.
Прокурорлардың 14 қарашада жасаған тергеу мәліметтері бойынша, АҚШ әскерилері Ауғанстанда кем дегенде 61 тұтқынды "азаптап, қатаң қарап, адами қадір-қасиетіне қол сұққаны" айтылады. Сонымен қатар тағы 27 адамды АҚШ Орталық барлау басқармасы (немес ЦРУ) қызметкерлері азаптаған. Есепте бұл қылмыстардың көпшілігі 2003-2004 жылдары - Джордж Буш президент болып тұрғанда жасалғаны айтылады.
АҚШ халықаралық қылмыстық сот құру туралы келісімді ратификацияламаған. Бірақ "азаптау қылмысы" ол келісімді ратификациялаған Ауғанстан, Польша, Литва және Румынияда жасалғандықтан соттың айып тағуға құзыреті бар.
Гаага сотының прокурорлары азаптау әрекеттерінің жекелей түрде емес, "тұтқындардан барлау мәліметтерін алу үшін бекітілген тергеу әдістері аясында" жасалады дейді.
Гаагадағы халықаралық сот 2002 жылы әскери қылмыстарды, адамзатқа қарсы қылмыстар мен геноцидті тергеу үшін құрылған.
Сот "соғыс қылмысына" қатысты толық тергеу жүргізу қажет, қажет еместігін жақын уақытта анықтайтынын айтады.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сайлауалды кампаниясында террористерден мәлімет алу үшін тергеу жүргізудегі суға тұншықтыру әдісін және басқа да көптеген "бұдан да сорақы" әдістерді қалпына келтіретінін мәлімдеген. Бұл әдістерді кезінде президент Барак Обаманың әкімшілігі қолданудан бас тартқан.
Дереккөз: Аzattyq.org