Атырау, 28 қараша 06:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Сегіз мың салымшы өтемақыға өтініш бермеді

2 929 просмотра

Өз салымдары бойынша бағамдық айырмашылық өтемақысын алуға құқығы бар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 17 498 салымшысының тек 11 459-і ғана өтініш берді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры Нұрбол ҚҰРМАН әңгімеледі. Естеріңізге салсақ, теңгенің айырбас бағамы «еркін жүзуге» көшкеннен кейін (2015 жылдың 18 тамызы) «Бәйтерек» басқарушы холдингі профильдік министрліктермен және Ұлттық банкпен бірлесіп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына өтемақы механизмін әзірлеген болатын. 2015 жылдың 18 тамызына дейін ашылған депозиттердегі жинақтар өтемақы алуға тиесілі. Мұнда 18 тамыздағы американдық валюта 188,35 теңге болған және 20 тамыздағы 255 теңге болған доллар бағамының айырмашылығы ескеріледі.

Айырмашылықты төлеу екі жыл ішінде бюджет пен банктің өз қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Салымшыларға депозит сомасына қарамастан салым сомасының 35 пайызына дейін өтемақы төленеді. Биыл 19,2 пайызына өтемақы төленді, 2017 жылы 16 пайыз төлеу жоспарланып отыр. Екі жыл ішінде ақшалай өрнекпен 1,6 млрд теңге шамасында төлеу жоспарланды. Биыл салымшылар 865 млн теңге алды, қалған 734 млн теңгені олар келер жылы алады.

- Әр салымшы өтемақы ресімдеуге өтініш беру шешімін өзі қабылдады. Айталық, егер сіздің шотыңызда 10 мың болса, онда өтемақы 3,5 мың теңге болады. Бәлкім, аз сомада салымдары барлар қосымша келісімге қол қойғылары келмеген шығар, - деп түсіндірді Нұрбол Құрман салымшылардың бәрі бірдей өтініш бермегендігі туралы.

Өткен жылы банк 10 444 жаңа келісімшарттар, 2016 жыл басынан бері 12 309 келісімшарт жасады. Депозит портфелі 1 қарашада 13 628 млн теңгені құрады. 2013 жылдан бері Атырау облысында өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында (бұрын ол «Қолжетімді баспана - 2020» деп аталды) жалпы алаңы 54 951 шаршы метр болатын 759 пәтерлік 16 үй берілді. Жалпы алаңы 20 404 шаршы метр болатын 324 пәтерлік тағы жеті үй «Жас отбасыларға арналған баспана» бағыты бойынша берілді.

Биыл өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Нұрсая ықшамауданынан жалпы алаңы 6 654 шаршы метр болатын 90 пәтерлік екі үйді қосымша беру жоспарланып отыр.

- «Жас отбасыларға арналған баспана» бағыты бойынша Байжігітов көшесінің бойынан 30 пәтерлік тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойылуда. Ал «Жас отбасы» бағыты бойынша «Жас Отау» ЖШС бағдарламасы арқылы Нұрсая ықшамауданынан 210 пәтерлік бес үйді салу жоспарланып отыр, - деп хабарлады Н.Құрман. - Тұрғын үй құрылысын дамыту үшін Атырау облысының әкімдігі 2 млрд 742 млн теңге бөлді. «Өз үйім» бағдарламасы аясында біздің банк пен әкімдік арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуда. 2017 жылдың бірінші тоқсанында бұл жерден 60 пәтерлік үш үйді тапсыру жоспарланып отыр. 45 пәтерлік тағы екі үй келер жылдың 4-ші тоқсанында тапсырылатын болады.

Құрманның айтуынша, 2016 жылы 2015-19 жылдардың «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық дамыту бағдарламасын «Несиелік баспана салу» бағыты бойынша жүзеге асыру аясында Қазақстан бойынша қарыздық бағалы қағаздар шығару арқылы «Бәйтерек девелопмент» АҚ-дан қарыз қаражатын тарту есебімен 67 млрд теңге бөлу қарастырылуда. Оның 2,8 млрд-ын Атырау облысынан жалпы алаңы 20 618,8 шаршы метр болатын 300 пәтерлік тұрғын үй салуға бағыттау жоспарланды. Банк пен Атырау облыстық әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы тиісті меморандум қол қойылу кезеңінде тұр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

14 қараша 2016, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.