Әлемге танымал актер әрі режиссер Джеки Чан кинематографияға қосқан зор үлесі үшін "Оскар" сыйлығын алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Америкалық кинематография өнері мен ғылымы академиясының Twitter желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
Сенбіде Лос-Анджелесте өткен марапаттау рәсімінде 62 жастағы Чан бұл сыйлықты аламын деп ойламағанын жасырмады.
"200 фильмнен кейін, соншама сынған сүйектен кейін, бұл ("Оскар" - Авт.) менікі", - деді ол.
Қытай актерінің "Оскар" сыйлығын алатыны жайлы хабар биыл қыркүйекте шыққан болатын. Шығыс жекпе-жектерінің шебері өз мансабында жүздеген фильмге түскен.
Америкалық академияның кинематографияға қосқан үлесі үшін берілетін құрмет сыйлығы 1948 жылы бекітілген еді. Оны киноакадемия басшылығы тағайындайды.
Forbes журналының мәліметінше, Чан табысы жоғары актерлердің тізімінде екінші орынды алып тұр екен (61 миллион доллар).
Дереккөз: Tengrinews.kz