Молдовадағы президент сайлауының 13 қарашада өткен екінші кезеңінде ресейшіл кандидат Игорь Додон (суретте) еуропашыл кандидат Майя Сандудан басым түсіп, жеңіске жеткенін мәлімдеді,- деп хабарлады Азаттық.
Молдова Орталық сайлау комиссиясының 14 қарашада хабарлауынша, сайлауда берілген дауыстың 98,5 пайызын санағандағы мәлімет бойынша Социалистік партия жетекшісі Игорь Додон 54 пайыз, Іс-қимыл және ынтымақтастық партиясының өкілі Майя Санду 46 пайыз дауыс жинады.
Додон Кишиневте өткен баспасөз конференциясында "Біз жеңдік деп айта аламыз" деп мәлімдеді. Ол өзінің барлық молдовалықтың - Еуропа Одағына (ЕО) қосылуды жақтайтындар мен Мәскеумен жақын байланыс ортануды қалайтындардың да президенті болуға уәде берді.
Додон Сандуды сайлауалды кампаниясын "қатаң, бірақ тыңғылықты, тамаша" жүргізгенін айтып, одан "қоғамды тыныштандыруға" көмектесуді сұрады.
Ресми мәлімет бойынша, 13 қарашада өткен сайлаудың екінші кезеңінде тіркелген сайлаушылардың 53 пайызы дауыс берген.
Дегенмен Лондон, Бухарест, Бологна, Мәскеу және басқа да бірнеше елдің қалаларындағы елшіліктерде кейбір молдовалықтар дауыс бере алмады. Бұған себеп - сайлау комиссиясының жеткілікті бюллетень жібермегені. Бірақ кандидаттар арасындағы дауыс айырмашылығы дауыс беруге қатыса алмаған молдовалықтар санынан әлдеқайда көп.
Майя Санду сайлау нашар ұйымдастырылды деп мәлімдеп, сайлау комиссиясы басшыларын отставкаға кетуге шақырды. Ол "Жүздеген адам дауыс бере алмады. Шетелге сапарға шыққан жүздеген азамат суық пен жаңбырда кезек күтіп, дауыс бере алған жоқ. Молдова билігі молдовалықтардың конституциялық құқығын құрметтемеді" деп мәлімдеді.
Екінші кезеңдегі дауыс беру қарсаңында сарапшылар Санду алғашқы кезеңде алғашқы дауыс беруге қатыспаған еуропашыл жастарды сайлауға барынша қатыстыруға күш салуы керек деген. Сарапшылар Санду жеңіске жету үшін сайлау құқығы бар азаматтардың кем дегенде 54 пайызы қатысуы тиіс деген.
Дереккөз: Аzattyq.org