Облыстық кардиологиялық орталық ғимаратының үшінші қабатында пайда болған едәуір сызаттың салдарынан кардиология және тамыр хирургиясы бөлімшесін облыстық ауруханаға көшіруге тура келді. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек ЖҰМЫРОВ хабарлады.
Соңғы екі жылда мол жауған қар мен жауын-шашын салдарынан Жайық жағалауында орналасқан кардиоорталық маңындағы топырақасты суларының деңгейі көтерілді. Ғимараттың ортасы шөгіп, үшінші қабатта сызат пайда болды. Билік ғимаратты қайта жарақтауды жоспарлап, медициналық мекеменің бір бөлігі облыстық ауруханаға көшіп кетті.
- Негізгі салмақ түсетін құрылымдар бұзылған жоқ, техникалық зерттеу жүргізген мамандар ғимаратты апатты деп танымады. Алайда ол ескі, 1951 жылы салынған, оның үстіне осындай факторлар қосылды. Сондықтан ғимаратқа толықтай қайта жарақтау жүргізіледі, - деп мәлімдеді Жұмыров. Оның айтуынша, қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, жөндеу жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор