Фото: ReutersАҚШ президенті Барак Обама Ақ үйде өзінің орнын алмастыратын Дональд Трампты қабылдады. Кездесуден соң Обама елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты "бірқатар мәселелер" талқыланғанын мәлімдеді. Ол екеуара "тамаша әңгіме-сұхбат" болғанын айтып, жаңа қиындықтар кезінде "бірігудің" маңызды екенін білдірді,- деп хабарлайды Азаттық.
Дональд Трамп кездесу жоспарланғаннан ұзақ болғанын және "бірқатар мәселе, оның ішінде қиындықтар да талқыланғанын" хабарлады. Ол бұл кездесуді "үлкен құрмет" деп атап, Обамамен алда да жаңа кездесулерді тағатсыздана күтетінін мәлімдеді. Трампты Ақ үйге Обама шақырып, демократтар басқаратын әкімшілік билігін республикашылдарға парасатты түрде тапсыруға уәде берген.
Қызметінен кететін вице-президент Джо Байден де болашақ вице-президент Майк Пенспен бірге өткен кездесуе қатысты. АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обама Трамптың зайыбы Меланиемен сөйлесті.
Обамамен кездесуден соң Трамп конгрестің өкілдер палатасының спикері Пол Райанмен кездесті. Трамп оған инаугурациядан соң бірден денсаулық сақтау, миграция және салықты азайту мәселелерімен айналысатынын хабарлады.
Дональд Трамп келесі жылы 20 қаңтарда қызметіне кіріседі.
Дереккөз: Аzattyq.org