Атырау, 28 қараша 06:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Кеше - студент, бүгін – мұнайшы

PR
4 932 просмотра

«Ембімұнайгаз» АҚ бүгінде мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі әлемдік тәжірибе бойынша дәлелденген кәсіби дуалды оқыту жүйесін енгізу жобасын екінші жыл қатарынан жүзеге асыруда.

Компания 2015 жылдың қыркүйегінде «АРЕС Petrotechnic» жоғарғы техникалық мектебі мен Атырау мұнай және газ университеті (АтМГИ) студенттері үшін осы пилотты жобаны іске қосты.

Жобаның басты мақсаты – «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ талаптарына сай мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлау және мұнайшылардың тәжірибе жүзіндегі дайындық сапасын арттыру болып табылады. Бұдан басқа, дуалды оқыту бойынша әлеуметтік-білім беру жобасы облыстағы оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы өзекті проблеманы шешуге бағытталған.

Пилотты жобаға «АРЕС Petrotechnic» мен АтМГИ-дің 3 және 4-курста оқитын 39 студенті қатысты. Оқыту сызбасы қарапайым әрі тиімді: айына 14 күн студенттер өз оқу орындарында теориялық білім алады және келесі 14 күнде компанияның өндірістік бөлімшелері - «Жайықмұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» және «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында (МГӨБ) вахталық әдіс бойынша жұмыс істейді. Әрбір жұмыс вахтасы үшін студенттер салық шығындарын қосқанда 60 мың теңге мөлшерінде өтемақы алады. Барлық оқыту, тұру, тамақтандыру, арнаулы жұмыс киімдері мен тасымалдауды ұйымдастыру шығындарын, сонымен қатар, студенттерге берілетін төлемақыларды төлеуді «Ембімұнайгаз» АҚ өз мойнына алды.

Дуалды оқыту аяқталғаннан кейін студенттер «ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша біліктілік емтиханын тапсырды. Сөйтіп, оларға біліктілік санаты беріліп, еңбек кітапшаларына жазылды. Түлектердің кейіннен жұмысқа орналасып кетулеріне мұның жақсы әсер тигізетіні сөзсіз.

Дастан БАТАШОВЕрболат КӨШКІНБАЕВМедхат ШЫНБАЕВСерікқали МҰСАҒАЛИЕВ

Қазіргі кезде «Ембімұнайгаз» АҚ дуалдық жүйе бойынша оқып шыққан және қорытынды тестілеуде үздік нәтижелерге қол жеткізген төрт түлекті өзіне жұмысқа қабылдады.

Жасұлан Бағытжанов, «АРЕС Petrotechnic» мектебінің түлегі. Оқыту аяқталғаннан кейін ол қорытынды тестілеуден тамаша өтіп, «ұңғымаларды зерттеу операторы» ретінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның еңбек кітапшасын алды.

Мен «Ембімұнайгаз» АҚ-на жұмысқа қабылданғанымды білгенде қатты қуандым. Бүгінде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-не қарасты С.Балғымбаев кенішінде еңбек етемін. Күн сайын нұсқамадан өтіп, геологтардан тапсырма алған соң ұңғымаларға барамыз. Сұйықтық деңгейін анықтау үшін «Динамограф» аспабын қолданамыз, бүкіл мәліметтер журналға жазылады. 116 ұңғымаға үнемі мониторинг жасау біздің міндетімізге кіреді, жарамсыз жабдық жөндеуге жіберіледі. Жұмысымыз өте жауапты әрі қызықты. Мен дуалдық оқыту жүйесін енгізгені үшін «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясына өте ризамын. Өндірістегі тәжірибе кезінде алған білімім маған көп көмектесуде. Жұмыс тәжірибесі жоқ түлекке жұмысқа орналасу өте қиын. Менің ата-әжем, әкем - мұнайшылар, мен отбасылық династияны жалғастыра алғандығыма қуаныштымын, - дейді Жасұлан.

«Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің С.Балғымбаев кен орнын зерттеу жұмыстары цехының басшысы Ерболат КӨШКІНБАЕВТЫҢ айтуынша, Жасұланның өндірісте еңбек етіп жатқанына бір айдан асқан. Алайда ол өзін жақсы жағынан көрсетіп үлгеріпті. Жауапты, 3-разрядты маманға сай қажетті білімі бар. Бұған өндірістік тәжірибеден өтуі де септігін тигізіп отыр. Оның тәлімгерлері алдағы уақытта жас түлектің жақсы маманға айналатындығына сенеді.

Атырау мұнай және газ институтын аяқтағаннан кейін Медхат ШЫНБАЕВ ағылшын тілін терең меңгеру үшін «АРЕС Petrotechnic» мектебіне оқуға түскен.

- Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыс табуға тырыстым, бірақ кешікпей тәжірибенің жоқтығы бұған көп кедергі екенін түсіндім. Дуалдық оқытудың арқасында тәжірибе жинақтап, өндірістің қандай екенін білдік. Анам мұғалім болғандықтан шығар, білім алудан жалықпаймын. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мені жұмысқа шақырғаны туралы қуанышты хабар алған кезде мен Сібірдегі Ненец автономиялық округінде жұмыс жасап жүрген едім. Сөйтіп, бірден отаныма оралдым. Қазіргі кезде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің «Оңтүстік Шығыс Қамысты» кен орнында еңбек етудемін. Мұның бәрі дуалдық оқыту процесінде алған тәжірибемнің арқасы.

Серікқали МҰСАҒАЛИЕВ – «Оңтүстік Шығыс Қамысты» кен орнында ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор, өндірісте 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын мұнай өндіруші оператор болып бастаған. Оның айтуынша, жас маман Медхат қажетті Динамограф пен УЗМ аспаптарын жақсы қолдана білуімен ерекшеленеді екен.

- Медхаттың жоғарғы оқу орнында теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде пайдалануды үйренгені бірден көрініп тұр.

Қазбек СҮЙІНҒАРИЕВ - ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор студент жастардың тәлімгері болды. Жастар айына 14 күн оның тікелей қадағалауымен еңбек етті. Ең алдымен балаларға қауіпсіздік техникасын, еңбек қорғаудың негізгі түсініктерін, тіпті алғашқы медициналық көмек көрсетуді де үйретті. Оларға мұнай өндіру саласына және олардың негізгі мамандықтарына тиесілі барлық қажетті мағлұматтарды берді, ұңғымаларды зерттеу жұмыстарының қыр-сырына үйретті. Әр 14 күн сайын олар тестілеу тапсырды. Өз кезегінде тәлімгерлер де жұмыс тәжірибелерінің молдығына қарамастан, біліктіліктерін көтеріп, үнемі білімдерін жетілдіріп тұрады. Мәселен, жақында олар неміс мамандарынан оқытудан өтіп, сертификаттар алған. Қызметкерлер осындай оқыту процесінде алынған қосымша білімнің кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беретіндігіне сенімді.

- Дуалды жүйенің арқасында АтМГИ қабырғасында оқып жүріп толыққанды білім алғаныма, болашақ мамандығыммен танысып, оның қыр-сырын үйренгеніме қуаныштымын. Міне, қазір өзім тәжірибеден өткен С.Нұржанов атындағы кен орнында еңбек етіп жүрмін, - деп әңгімелейді Дастан БАТАШОВ.Оның үстіне, дуалдық оқыту кезінде біздің тәлімгеріміз болған Алмагүл МАХАНОВА да осы жерде жұмыс істейді. Маған, жас маманға өзінің құнды кеңестерін беруді жалғастырып келеді. Біз күн сайын ұңғымалардың жай-күйін арнайы құралдармен тексеріп тұрамыз. Жұмысымыз өте қызықты, геологтармен үнемі байланыста боламыз.

Бүгінде кешегі студенттер мамандарға айналған. Олар өздерінің жауапкершіліктерін сезініп, үлкен тату ұжымның жұмысына өз үлестерін қосуға тырысады. Олардың барлығы жоғарғы оқу орнынан кейін өздерінің оқып-үйреніп, қалыптасуларына көп септігін тигізген компанияға - «Ембімұнайгаз» АҚ-на жұмысқа орналасқандарына дән риза.

Жоба енгізілген бірінші жыл жақсы нәтиже бергендіктен, «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы 2016-2017 оқу жылында дуалдық жүйе бойынша оқытуды жалғастыру туралы шешім қабылдады.
10 қараша 2016, 15:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.