8 қарашада кешкісін Авангард 2-ықшамауданында ірі «Сулпак» электр-тұрмыстық техника дүкенінде өрт болды.
Куәгерлердің айтуынша, алдымен сауда орталығы ғимаратының сыртындағы контейнердің қоқысы өртенген. Содан кейін, өрт ғимаратқа ұласқан болуы керек. Өрт сөндіру қызметі кезекшісінің пультіне өрт туралы дабыл сағат 22.07-де түскен.
– Оқиға орнына біздің өрт сөндіру жасағымыз жеткен кезде қабырғаның қаптамасы жанып жатты, жалын төбе жабындысына жетіп қалыпты. Қабырғадағы өрт шалған жердің жалпы алаңы 50 шаршы метр, төбе жабындысында – 25 шаршы метр, - дейді Атырау қалалық ТЖ басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ринат ҚҰРМАНҒАЛИЕВ. - Өртті сөндіруге төрт арнайы техника мен жеке құрамнан 16 адам жұмылдырылды. Сағат 23.23-те өрт сөндірілді.
Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен зиян мөлшері анықталуда.
Тамара СУХОМЛИНОВА