«Глобалстратеджи групп» институтының басшысы Джеффри Полак қазіргі президенттік науқанның екі негізгі үміткерінің «антирейтингі» жоғары деп санайды. Бұл туралы ҚазАқпараттың АҚШ-тағы тілшісі хабарлайды.
«Түрлі бағалау бойынша, америкалықтардың 65 пайызы елдің бұрыс бағытта келе жатқанын айтса, АҚШ азаматтарының 29 пайызы ғана елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді. Биылғы сайлаудың ең үлкен ерекшелігі, екі үміткерді де халық аса ұнатпайды. Д.Трамп АҚШ халқының шамамен 60 пайызына ұнамайды, ал Х.Клинтонды 56 пайыз америкалық қош көрмейді. Бұл екі кандидат та АҚШ-тың жаңа антирекордтары. Екі үміткердің жанында президент Барак Обаманың антирейтингі 53 пайызды көрсетіп, америкалық қоғамдағы орны нығая түскендей», - деп атап өтті сарапшы. Оның айтуынша, Д.Трамп пен Х.Клинтонның төмен көрсеткіштері Б.Обаманың екі президенттік мерзіміне америкалықтардың оң қабақпен қарауына ықпал еткен.
Сауалнама мәліметтері бойынша, Х.Клинтон президенттік жарыстың 6 бөлімі бойынша көш бастап келеді (өзге сауалнамалар бойынша 4 пайызға). Х.Клинтонның жеңу мүмкіндігі 66 пайыз болса, Д.Трамп мүмкіндігі 33 пайызды құрайды.
Дереккөз: Қазақпарат