Атырау облысындағы шекаралық ауыл тұрғындары облыс орталығына пойызбен баруға мүмкіндік алды.
Құрманғазы ауданындағы төрт ауылдың тұрғындары бұрын Атырауға дейін және кері өз ауылдарына тек таксимен баруға мәжбүр болатын. Енді Шортанбай, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова және Қиғаш елді мекендерінің тұрғындары үшін Атырау-Астрахань пойызының құрамына 2 тіркеме вагон тіркелді. Пойыз «Дина Нұрпейісова» станциясына тоқтайды. Бұрын мұндай аялдама жоқ еді. Бұл жерден теміржол кассасы ашылды. Ауыл тұрғындары үшін енді осы екі вагонға үнемі билеттер болады.
Естеріңізге салсақ, шілдедегі Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ Құрманғазы ауданына сапары барысында жергілікті тұрғындар Дина Нұрпейісова – Атырау теміржол маршрутын қайта жаңғыртуды ұсынған болатын. Сол кезде Ноғаев бұл маршруттың шығынды екенін, алайда жергілікті билік оған субсидия бөліп, теміржолшыларға олардың шығындарының бір бөлігін өтейтінін айтқан еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА