Атырау, 13 қазан 13:17
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

​«Бергей ісіне» қатысты нысаннан арнайы техникалар пайдаланған ұрылар ұсталды

Сурет
4 395 просмотра

1 қараша күні «ПЦН Күзет» ЖШС қызметкерлері Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы кәріздік тазарту құрылғысы (КТҚ) салынып жатқан аумақтан қымбат тұратын тұрбаларды ұрлау әрекетінің алдын алды. Оқиға болған орында, күзет компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, құқыққорғау органының қызметкері көзге шалынған.

Естеріңізге салсақ, бұл нысан облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ тұсында салына бастаған еді. КТҚ құрылысына тапсырыс беруші сол кезде «Атырау облыстық құрылыс басқармасы» ММ болып табылатын. Ол 2010 жылдың 5 наурызында “СнабОйлСтрой" мердігер мекемесімен жалпы 8 млрд 640 млн 560 мың теңге көлемінде келісімшарт жасады. Жалпы құрылыс салынған үш жыл ішінде (2010-2012 жылдары) мердігер компанияға 8 млрд 290 млн 659 мың теңге төленді. Алайда КТҚ құрылысы ақыры аяқталған жоқ. Осы нысан құрылысына бөлінген қомақты бюджет қаржысының ұрлануы - «Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ» ісі бойынша сот процесіндегі айыптау тармақтарының бірі болды.

Қазіргі кезде басқа аяқталмаған нысандар (Геолог-2 поселкесіндегі 165 орындық балабақша, монша-сауықтыру кешені, Алмалы ауылындағы балалар лагері, заманауи өнер музейі мен көрме залы бар концерт залы) секілді, аяқталмаған КТҚ аумағы да Атырау облыстық құрылыс басқармасының құзырында.

Конкурс қорытындысы бойынша жоғарыда аталған бүкіл нысандарды күзетуді биылғы жылдың қыркүйегінен бастап «ПЦН Күзет» ЖШС жүзеге асырады. Нысандардың барлығына адамдар қойылған.

31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні біздің қызметкерлер КТҚ аумағынан қымбат тұратын тұрбаларды ұрлау фактісін тіркеді. Қаскөйлер ұрлық жасалған жерге құрал-саймандар мен басқа да заттарын қалдырып кеткен. Олар бір нәрседен қорыққан немесе көп кешікпей осы жерге қайта оралуды жоспарлаған.

Біз нысан күзетін күшейттік. 1 қарашада біздің жедел әрекет ету тобымыз автокөлік құралдарын – ұзын тіркемелі көлікті, «Орал» автокранын ұстады, - деп әңгімелейді «ПЦН Күзет» ЖШС бас директоры Нұрлығайын ИЛЬЯСОВ. – Ұстау кезінде қаскөйлер ұзын тіркемелі көлікке ұзындығы 12 метр болатын екі тұрбаны тиеп үлгерген. Бұл факт туралы біз 102 пультіне хабарладық.

Бір қызығы, қылмыс орнында «Фольксваген» көлігі болған. «ПЦН Күзет» ЖШС қызметкерлерінің айтуынша, көлік жолаушысынан олар құқыққорғау органдарының қызметкерін таныған. Алдымен ол ұсталған адамдар мен арнайы техниканы жіберуді ұсынған, содан соң оқиға орнынан кетіп қалуға тырысқан. Сонымен қатар, ұсталған жерге Атырау облыстық ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері, құрылыс басқармасының өкілдері шақырылған.

Бұл осы нысандағы алғашқы ұрлық емес. Екі ай ішінде бес ұрлық тіркелді. Барлық жағдайда қымбат тұратын тұрбалар әкетілді. Біздің білуімізше, зиян 17 млн теңгедей құрады, - деп атап өтті Ильясов. – Нысандағы ұрлық фактілері бойынша құрылыс басқармасы Атырау қалалық ІІБ-не шағым берді. Кешегі факт бойынша да шағым бар.

Біз Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАДАН осы фактіні растауды, сонымен қатар, қылмыс орнындағы ықтимал қатысы бар полиция қызметкері туралы комментарий беруді өтіндік:

Ұрлық фактісі шынымен де расталды. Күдіктілер ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қылмыс жасалған жерде құқыққорғау органы қызметкерінің болуына келер болсақ, ІІД Ішкі қауіпсіздік басқармасындағылар бұл ақпаратты растамады. Қылмыс болған жерде поилция қызметкерінің болу фактісі бойынша ешқандай материал жоқ.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттер Марат ТАКУЛИНДІКІ

және «ПЦН Күзет» ЖШС-нікі

3 қараша 2016, 15:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.