Атырау, 3 мамыр 17:25
 ашықВ Атырау +15
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Оқиғалар тізбегі

2 652 просмотра

Қазанның 26-да кешкісін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері құқыққорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп, Бесікті ауылында Жайық жағалауынан Батыс Қазақстан облысының 52 жастағы тұрғыны мен Бесікті ауылының 46 жастағы тұрғынын ұстады. Олардан 343 келі қара балық пен кәсіпшілік ау құралын тәркіледі. Жинақталған материал ҚР ҚК-нің 335-бабы («Браконьерлік») бойынша қылмыстық іс қозғау үшін құқыққорғау органдарына жолданды.

***

Геолог поселкесінде 20 қазанда ВАЗ-2110 және «Тойота Камри» көліктері соқтығысты. «Лада» жүргізушісі мас күйде болған, оның үстіне, бұрын ол осындай заң бұзушылық жасағаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Жол-көлік апатының салдарынан зақым алған ол облыстық ауруханаға жатқызылды.

***

Полицияға Қара депоның 29 жастағы тұрғыны шағымданды: 7 қазан күні үй ауласынан оған тиесілі ВАЗ-2110 көлігін ұрлап айдап кеткен. Ал көлікті айыппұл тұрағынан тауыпты. Көлік айдап кетті деген күдікпен Атыраудың 17 жастағы тұрғыны іздестірілуде.

***

Су полициясының қызметкерлері Бірлік ауылының маңынан ВАЗ-2107 көлігін тоқтатып, оның жүксалғышынан 40 келі жас бекіре етін анықтаған. Тыйым салынған балық 47 жастағы көлік жолаушысына тиесілі екен. Тергеу жүргізілуде.

***

Полицияға 48 жастағы жеке кәсіпкер шағымданды: 3 қыркүйекте белгісіз ер адам Элеваторный көшесінің бойындағы қоймадан 15 млн теңгелік балық өнімдерін алып кеткен. Күдікті анықталды, оның жасы 54-те екен. Тергеу жүргізілуде.

***

Полицияға 32 жастағы ер адам жүгінді: 16 қазан күні оның танысы, Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны Маңғыстау облысынан түрлі-түсті металл сынықтарын жеткізуге уәде беріп, 6 млн теңгесін алып, ғайып болған. Күдіктіге іздеу жарияланды.

***

Полицияға 39 жастағы әйел хабарласты: 30 қазанда ұлы дүкенге нан алуға кеткен кезде, оның велосипедін ұрлап кеткен. Зиян мөлшері 45 мың теңгені құрады. 51 жастағы қала тұрғыны ұрлық жасады деп күдіктелуде. Заттай айғақтар тәркіленді.

***

Сағыз ауылының тұрғыны полицияға шағымданды: 5 тамыз күні әлдебір ер адамның оның сеніміне кіріп алғанын, жеңілдікпен пәтер алып беруге көмектесемін деп уәде етіп, 3 млн теңгесін алып, қайтармағандығын мәлімдеді. Күдіктінің жеке басы анықталды: бұл Атыраудың 31 жастағы тұрғыны екен, оған іздеу жарияланды.

***

Авангард тұрғыны 31 қазан күні сағат 15-тен 20-ға дейінгі аралықта белгісіз біреулердің кілтті іріктеп салу арқылы пәтерін ашып кіріп, 260 мың теңгелік зергерлік әшекейлерін ұрлап кеткендігін полицияға хабарлады. Полицейлер иісшіл иттің көмегімен күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған, 36 жастағы қала тұрғыны екен. Тергеу жүргізілуде.

***

Атырау ықшамауданындағы «Батыс» полицей экипажы кафенің жанынан 38 жастағы әйел мас күйде жүргізіп келе жатқан «Киа Рио» көлігін тоқтатты. Ағымдағы жылдың маусымында ол осындай заң бұзушылығы үшін жүргізуші куәлігінен айрылған болатын.

3 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.