Доссор поселкесіндегі «Шапағат-1» және «Шапағат-2» мөлтек аудандарының тұрғындарына асфальттың, көше жарығының және канализация жүйесінің жоқтығы қиындық келтіріп отыр.
- Жаңбыр жауған күндері көшеге шықпауға тырысамыз. Айнала балшық, жүргізбейді. Күзде аяғымыздан резіңке етік түспейді. Тағы бір проблема – көшелерде жарықтың болмауы, өйткені, екі жыл бұрын трансформатор жанып кеткен. Ал канализация бұрыннан жоқ, - деп шамданады мөлтек аудан тұрғындары.
Жергілікті әкімдік бұл мәселелер жайында хабардар, алайда оларды шешу әзірге мүмкін болмай отыр.
- Поселкедегі жолдарды асфальттау, соның ішінде «Шапағат» мөлтек ауданындағы жолдарды жаңартудың екінші кезеңі келесі жылы жалғасады. Жобалау-сметалық құжаты жасақталып қойылған, енді тендердің өтуін күтеміз, - дейді Доссор поселкесінің әкімі Жарылқасын ИСМАГУЛОВ. - Канализация туралы мәселе қойып жүрміз. Трансформатор жанып кетті, екі рет бөлшектерін ауыстырғаннан ештеңе өзгермеді. Трансформатордың қуаты барлық үйге бірдей жетпейтін болып шықты. Биыл аудан бойынша 20 трансформаторды жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде «Шапағат» мөлтек ауданындағы трансформатор да бар, бұл үшін жергілікті бюджеттен 4,5 млн теңге бөлінген болатын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА