Мемлекеттік комиссия Атырауда 2008 жылдан бастап NCOC N.V. қаржысына салынған 180 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратын пайдалануға қабылдау жұмыстарын бастады.
Жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Мұрат ҚҰЛБАСОВТЫҢ айтуынша, комиссия құрамында емдеу мекемесінің өкілдері де бар. Сметада көрсетілген бүкіл жабдықтар орнатылған. Қазір күндізгі уақытта санитарлардың бір бөлігі палаталарды тазалаумен айналысуда. Ал кешкісін ғимарат құрылысшылардың күзетіне алынады. Алайда жақын күндері күзет мәселелерімен жұқпалы аурулар ауруханасының әкімшілігі айналыспақ.
– Ресми түрде пайдалануға қабылданғаннан кейін біз жаңа ғимаратқа көшеміз. Аурухана көппрофильді болады – ауамен жабдықтайтын бөлек жүйенің болуы бір ғимаратта түрлі бөлімшелердің орналасуына мүмкіндік береді. Бізде де консультативтік-диагностикалық, хирургиялық және басқа да бөлімшелер болатынын жоққа шығармаймыз. Сақтандыру медицинасын енгізу бізге өз қызметіміздің спектрін кеңейту қажеттігін ұсынады, - дейді М.Құлбасов.
Естеріңізге салсақ, 2016 жылы Геолог поселкесінде бір ауысымда 100 адам келетін емхана пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Исатай ауданының Жанбай ауылында, Қызылқоға ауданының Жасқайрат пен Мұқыр ауылдарында 75 адам келетін үш отбасылық-дәрігерлік амбулатория және Ганюшкинде бір фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталды.
Биыл үш нысанның құрылысы басталды. NCOC N.V. компаниясы Индер ауданының Көктоғай ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны қолға алды. Жергілікті бюджет есебінен Мақат аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасына тұтастай бетон қоршау салынуда. Сонымен қатар, «Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес» КМҚК-нің бес қабатты ғимаратына тұтас темір-бетон қоршауы салынып, кіреберіс алаңдары жөнделуде. Жыл аяғына дейін Ганюшкиннен NCOC N.V. қаржысына 75 төсектік орталық аудандық аурухананың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұдан басқа, екі фельдшерлік-амбулаториялық пункт (Исатай ауданының Нарын ауылы және Махамбет ауданының Жалғансай ауылы), Қызылқоға ауданының Миялы ауылынан орталық аудандық аурухана аумағынан мүрдехана ғимаратын, Құлсары қаласынан 60 төсектік перзентхана үйін, облыс орталығындағы Тасқала ауылынан дәрігерлік амбулатория салуға, сонымен қатар, Нұрсая ықшамауданындағы №19 үйдің іргеқабатын қайта жарақтау үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленетін болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА