31 қазанда Атырауға сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ келді. Онымен бірге ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Илья ТУЛЬСКИЙ, ҚР Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жомарт ӘЛИЕВ еріп келді.
Атырау қаласының Ақсай ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында Қазақстан аумағында орналасқан 929-ші Ресей Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының нысандарын пайдалану тәртібі туралы ҚР мен РФ арасында жасалған келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында жасалған хаттамаларды ратификациялау туралы ҚР заңнамаларын жүзеге асыру жөніндегі штаб отырысы өтті.
Заңдар әскери полигонға жалға берілген аумақты қысқартуды қарастырады.
– Ақсай ауылдық округі Ақжар поселкесіндегі ресейлік әскерилер жалға алып отырған аумақтың жалпы алаңы
Қызылқоға ауданындағы Тайсойғанда ресейліктерге 749 мың гектар жер жалға берілген еді, 125 мың гектар қалып отыр, негізінен бұл құнарсыз сортаң жерлер, - деп хабарлады И.Тульский.
Кеңес басталғанша полигон бастығы, Ақжардағы ресейлік №15650 әскери бөлімшесінің командирі Василий ЗАДОРОЖНЫЙ «АЖ» тілшісіне былай деді:
– Енді ату үшін бізге осыншама жерді ұстаудың қажеті жоқ. Қазір Ресейдегі әскери техника деңгейі тіпті сіріңке қорабына да тигізуге мүмкіндік береді.
С.Еңсегеновтың айтуынша, комиссияға Ресей қайтарып жатқан жерлердің географиялық координаттарын картаға енгізу ғана қалып отыр.
Ж.Әлиевтің сөзінен:
– Қыркүйек айында ҚР Қаржы министрлігінде өткен кеңесте Атырау облысының экологиялық департаментіне 1 желтоқсанға дейін қайтарылған аумаққа зерттеу жүргізуге тапсырма берілді. Бүгінгі күні 13 нүктеде ауаға, суға және топыраққа зерттеу жүргізу жұмыстары аяқталды. Әскерилер бізге бұрынғы казарма, бокстар, лазареттер орналасқан жерлер мен зымырандар құлаған жерлердің картасын ұсынбады. Іс жүзінде экологтар егжей-тегжейін білместен жұмыс жасауда.
В. Задорожный:
– Тайсойған полигонында 20 жылдан астам уақыттан бері сынақтар жасалған жоқ. Содан бері қарай экология қалпына келуі тиіс. Картаға келер болсақ: менің полигонға бастық болып тағайындалғаныма үш жыл өтті, бірақ мен мұндай картаны көрмедім.
Ж. Әлиев:
– Егер Қазақстанда жерді қабылдағаннан кейін проблема туындаса, онда шешім қазақстандық тарапқа жүктеледі. Бізге карталар керек...
И. Тульский:
– Тайсойған құрлық емес, әуе полигоны. Зымыран құлаған жерлерді біздің табуымыз неғайбыл. Әуе нысанасының қалдықтарына тап болатын шығармыз. Алайда РФ Қорғаныс министрлігіне сауал жасаймыз.
1 қарашада штаб мүшелері тікұшақпен Тайсойған полигонын шарлап келді. Ал 2 қарашада олар Батыс Қазақстан облысының полигон аумағын шарлап ұшуды белгілеп отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор