Францияның Гренобль қаласынан келген 35 жастағы Амандин ЛАМБЕРТ өзінің сенімді серігі лабрадор Джали екеуі велосипед үстіндегі саяхатын осыдан жеті ай бұрын бастаған. Нақтырақ айтсақ, 27 наурызда. Ал Атырауға 7 мың шақырым жолды артта қалдырып 24 қазан күні келіп тоқтады.
Ганюшкиннен Атырауға келе жатқан жолда велосипеді бұзылып қалып, соның кесірінен олар облыс орталығына дейін тоғыз күн дегенде әрең жеткен. Амандиннің айтуынша, мұндай шоқалақ жолмен ол өмірінде бірінші рет жүріп тұр екен.
Оның Еуропа мен Орталық Азияны саяхаттауға шыққан алыс сапары өзі тұратын Гренобльден басталған. Амандин мамандығы бойынша кинолог-үйретуші. Оның үйінде бірнеше иті бар, бірақ, соның ішінде Джали ең жақыны, тіпті, «баласы» секілді. Оның «төрт аяқты достарын» жақсы көретіні сондай, олар туралы бірнеше кітапшалар да шығарған... Бұл туралы ол бізге Атыраудағы пәтерде Мәскеу облысы Сергиев Посад қаласында танысқан Андрей сыйлаған шөптерден қайнатқан шайды ұсына отырып, айтып берді. Ол Андреймен де жолда танысқан. Олардың жақсы араласып кеткені сондай, Андрей оны өз үйіне қонаққа шақырып, сүйіктісімен таныстырған.
- Жаңа таныстықтар, жаңа достар, жаңа әсерлер, таңның атқанын тамашалау – міне, осы дүниелер мені саяхаттау барысында шабыттандырады, - дейді Амандин.
Ол Атыраудан да өзіне дос тапты. Айнагүл КАМЕТОВА саяхатшыны Астрахан-Атырау тас жолында велосипеді бұзылып тұрған жерінен көріп қалып, оған көмек қолын созып, дүкеннен азық-түлік сатып алып берген. Кейін өзінің ағылшын тілін білетін құрбысы Нұрия НЫҒМЕТОВАДАН құқықтық және тұрмыстық мәселелерге байланысты аудармамен көмектесуін өтінеді. Айнагүл пәтермен тегін қамтамасыз етті.
Осындай үлкен саяхатты бастау үшін Амандин кинолог болып істеп жүрген жерінен жұмыстан шығып кетеді. Бірақ, сүйікті ісін мүлдем тастамақ емес, үйіне қайта оралған соң иттерді қайтадан үйретумен айналысады.
- Менің ең жақын құрбым Манина велосипедті айдап білмейтін, сосын оны маған сыйлады. Мен бұл саяхаттауға таптырмайтын құрал екен дедім де, бірінші рет велосипедпен Швейцарияны, кейін Германия, Люксембург, Белгия, Нидерландыны араладым. Саяхаттау маған өте ұнады. Ал Ресейде және Орталық Азияда мен бірінші рет болып тұрмын. Және осындай ұзақ жолды жүріп өткеніме өкінбеймін, - деп әңгімелейді Амандин. – Жолда мен көптеген ақ пейілді адамдарды кезіктірдім. Мен олардың көмегіне ризамын. Мәселен, Финляндияның Ресеймен шектесіп жатқан шекара бекетінде сол күні Джалиді тексеретін ветеринар болмады. Келесі күнді күтуге тура келді, фин шекарашылары өте қонақжай екен, маған саунаға түсуге мүмкіндік беріп, қонақтады. Мен олармен достасып кеттім, қазір де біз Facebook-та көп сөйлесеміз.
Амандин өмірде еш нәрседен қорқуға болмайды деп есептейді, әсіресе, адамдардан.
- Жылы шырайлылық маған көп көмектеседі. Ер адамдар кафеде маған тесіле қараған кезде мен олардың қолын алып сипап, оларға жымиямын. Осыдан соң олар маған жауап ретінде жымиып, өздерінің көмектерін ұсынып жатады, - дейді Амандин еш әзілсіз.
Біздің әңгімеміз барысында оның ұялы телефонына ол туралы франциялық Le mouv радиостанциясынан Allo la planete бағдарламасында айтылатыны туралы хабарлама келді.
- Мен әрине, өз елімді сағынған соң радиоға хабарласып, өзім туралы хабар берейін деп шештім. Бұл адамдарға қызық болатын шығар деп ойладым, - дейді Амандин. Оның үстіне ол өзінің жолсапар журналында әр күні алған әсерлерін жазып, жаңа әсерлерімен бөліседі.
Сурет Амандин Ламберттің Facebook-тегі бетшесінен алынды
Жол үстінде ол жиналмалы палаткада түнейді. Далалықта түнеу аса қиын емес, бастысы көлік жолынан алысырақ болу, дейді Амандин.
...Велосипедін жөндеген соң ол өзінің саяхатын жалғастыру үшін Ақтауға барады, кейін Әзірбайжанға, әрі қарай Грузияға жол тартпақ. Бұл оның кері өз еліне қарай алған бағыты болмақ. Ал, келесі саяхатының маршрутын ол белгілеп те қойған: Амандин Қытайды және Моңғолияны көргісі келеді.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН