Атырау, 28 қараша 06:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ембі ардагерлері: бізге зейнеткерлік демалысына үйрену оңай емес!

3 220 просмотра

«Ембімұнайгаз» АҚ-да мұнай компаниясының тарихында алғаш рет зейнеткерлер арасында спорттық сайыстар өтті. Шараны компанияның Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды. Сайыс Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «Қамқорлық» айлығына арналды.

Сайысқа 58-80 жас аралығындағы Ембінің 38 зейнеткері – басқарма аппаратының, «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің, өндірістік-техникалық қамту және жабдықтарды жинақтау басқармасының, «Ембімұнайэнергоның» бұрынғы қызметкерлері қатысты.

- Еңбек ардагерлері бүгінде зейнеткерлікке шықты, бірақ олардың ой-пікірлері әлі де өндірісте. Олар өз кәсіпорындары үшін шынайы алаңдайды. Қоғамдық жұмыстар бойынша да жұмыс жасап жүрген қызметкерлерден қалыс қалғылары келмейді. Өйткені ардагерлеріміз – мұнай өнеркәсібін дамытуға өз үлестерін қосқан жандар. Енді олар зейнеткерлік демалыста. Дегенмен, олар бір-бірін сағынады, араласып, мәселен, осындай сайыстарда жаңа жеңістерге бірге жеткілері келеді. Біз де оларға үлкен мереке - ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында осындай мүмкіндік бергенімізге қуаныштымыз, - деп компанияның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин шараның идеясымен бөлісті.

Сала ардагерлері шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бильярд және жеңіл атлетикадан (ұзындыққа секіруден) сынға түсті.

«Спортшылардан» 7 команда құралып, олар С.Балғымбаев атындағы кеніш базасында («Жайықмұнайгаз» МГӨБ) кездесті.

Бағыт Сматуллин ардагерлерді құттықтап, командалар өз кезегінде сайысқа дайын екендіктерін білдірді. Ал еліміздің әнұраны бұл шараға ерекше салтанатты рең берді.

Тәжірибелі әрі өте ұстамды спортшылардың сайысын бақылау қызықты болды. Кез келген спорттық ойындарға тән қызбалыққа қарамастан, «зейнеткерліктегі мұнайшылар» байсалдылықпен, зейін сала, зерделей сайысты. Жеңімпаздар екі сайыс күндерінің қорытындысы бойынша анықталды.

Ерлер арасында «Жылыоймұнайгаз» командасының өкілі Ақпан ҚОНЫСБАЙ үздік шахматшы атанды. Дойбыдан бірінші орынды «Жайықмұнайгаз» командасынан Құрмет ТӨЛЕУІШЕВ иеленді, тоғызқұмалақ бойынша «Доссормұнайгаз» командасынан Бөлекбай ДОСАЛИЕВ чемпион атанды, Сәрсенбай БЕГЕШЕВ қатарынан екі сайыс түрінен – жеңіл атлетика мен бильярдтан үздік деп танылды.

Әйелдер арасында шахматтан Мүнира ТЕКЕЕВА («Доссормұнайгаз»), дойбыдан Жаннат МАХМҰТҚЫЗЫ («Жайықмұнайгаз»), тоғызқұмалақтан Алтыншаш ҒҰБАШЕВА («Жайықмұнайгаз») бірінші орынға ие болды. Ал жеңіл атлетика сайысында Дариға ӨТЕУЛИЕВА жеңімпаз деп танылды. Бірінші орын алған жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етіліп, күміс жүлдегерлер мен қола жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қалған спортшылар сайысқа белсенді түрде қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Командалық есеп бойынша 1-орынды «Жайықмұнайгаз» зейнеткерлері иеленді. 2-орын – «Жылыоймұнайгаз», 3-орын «Доссормұнайгаз» командаларының еншісіне тиді.

- Мен зейнеткерлікке шыққан 20 жыл ішінде мұндай спорттық сайыстар алғаш рет өткізіліп отыр. Жыл сайын сайыстарға қатысқысы келетін ардагерлер саны арта түсетіндігіне сенімдімін. Осындай өте пайдалы шараны ұйымдастырғаны үшін Ардагерлер кеңесіне көп рахмет! – деп өз әсерімен бөлісті 80 жастағы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ ардагері Сақтай БЕКҚАЛИЕВ. Ұзақ жылдар бойына Сақтай аға басқармада инженер болып қызмет еткен, алғашқы кен орындарын ашуға қатысушылардың бірі болған.

Ардагер Есен БЕГАЙДАРОВ бірге жұмыс жасаған ұзақ жылдар ішінде қалыптасқан достық пен құрмет сезімі байланыстыратын жандармен кездесу өзін үлкен қуанышқа бөлегендігін атап өтті.

Ерлі-зайыптылар Мүнира мен Тәжібай ТЕКЕЕВТЕР кәсіпорында бірге еңбек еткен. Апай кітапханада жұмыс істеген, ағай арнайы техника жүргізушісі болған. Бүгінде ерлі-зайыптылар зейнеткерлікте, немерелері мен шөберелерін тәрбиелеуде. Алайда мұндай кездесулер оларға жан дүниелерімен демалуға мүмкіндік береді.

- Еңбек жолымызда мұнай өндірудің түрлі кезеңдеріне байланысты ауыр сынақтармен бетпе-бет келдік. Біз бүгінгі күні қолжетімді болып отырған көптеген игіліктерді көрмедік. Өзін өндіріске арнаған еңбек адамы үшін зейнеткерліктің лайықты демалысына үйрену оңай емес екен. Бізді қатардан шығарып тастамай, осындай шараларға шақырып тұратындығына ризамыз, - деп қуанышын жасырмады «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өмір бойы мұнай өндірісінде еңбек еткен Құрмет ТӨЛЕУІШОВ.


Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 қазан 2016, 16:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.