Атырау, 27 қараша 12:43
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

БҰҰ Бас ассамблеясы комитеті ядролық қаруды таратпау келіссөзін қолдады

3 081 просмотра

БҰҰ Бас ассамблеясының комитеті әлемдік ядролық державалардың қарсылығына қарамастан ядролық қаруға тыйым салу туралы конвенция бойынша келіссөзді бастау қарарын мақұлдады,- деп хабарлады Азаттық.

Австрия, Ирландия, Мексика, Нигерия, Оңтүстік Африка Республикасы мен Бразилия ұсынған қарарды 123 мемлекет қолдап, 38 мемлекет қарсы дауыс берді. Конвенция жөніндегі келіссөзді наурызда бастауға шақыратын қарарда "ядролық қару қолданудың адамзатқа төнетін гуманитарлық зардабы орасан зор екені" айтылған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес елдің төртеуі - АҚШ, Ресей, Ұлыбритания мен Франция бұл қарарға қарсы дауыс беріп, Қытай қалыс қалды. Қалыс қалған елдер арасында ядролық қаруға ие Үндістан мен Пәкістан да бар. Қарарға қарсылар ядролық қарусыздану мәселесі ядролық қаруды таратпау туралы келісім жасау жөніндегі келіссөз аясында қаралуы тиіс деп санайды.

Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық кампания ұйымының атқарушы директоры Беатрис Фин бұл дауыс беруді ондаған жылдар бойы ядролық қарусыз әлем құру талпынысындағы шешуші сәт деп атады.

"Бұл келісім ядролық қаруды бір сәтте жоя алмайды. Бірақ ол ядролық қарудан бас тартып, мемлекеттерді қарусыздану шараларын қабылдауға мәжбүрлейтін жаңа, берік халықаралық құқықтық стандарттарды қалыптастырады" деді Беатрис Фин.

Бас ассамблеяда бұл шараларға қатысты дауыс беру желтоқсанда өтуі мүмкін.

Дереккөз: Аzattyq.org

28 қазан 2016, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.