Атырау облысында алғаш рет «Жаппай көкпар» додасы өткізілмек.
Шара облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өтеді. «Жаппай көкпар» (әр қатысушы өзі үшін күш сынасатын ойын түрі, көкпар ретінде тартылған серкеге ие болып, белгілі бір орынға жеткізген тек бір адам ғана жеңімпаз бола алатын ойын түрі) 29 қазанда сағат 10.00-де Атырау қаласына жақын Талғайраң ауылында өтеді. Көкпар ойынына аудандар командалары қатыса алады. Олардың әрқайсысында кем дегенде бес ойыншы болады (ережесі: шартты бір құрама команданың мүшелері бір-біріне көмектесетін шығар, бірақ команда емес, бір адам жеңімпаз атанады). Федерациядағылар сендіргендей, жарысқа тек тәжірибелі спортшылар ғана қатыса алады, ойынның өзі судьялар мен дәрігерлердің бақылауымен өткізіледі.
Сайыстың жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды. Мұндай шараның Атырау облысында алғаш рет өткізілейін деп отырғанын және ол ел тәуелсіздігінің мерейтойына орайластырылғанын атап өткен жөн.
Зульфия ИСКАЛИЕВА